Алматылық дәрігерлер геморрой ауруын шағын инвазивті заманауи әдіспен емдейді

None
Фото: Алматы қалалық №7 клиникалық ауруханасы
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматылық дәрігерлер созылмалы және жіті геморрой ауруын шағын инвазивті заманауи әдіспен емдейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қалалық №7 клиникалық аурухананың баспасөз қызметінің мәліметінше, 47 жастағы пациенттің геморроймен ауырғанына шамамен он жыл болған.

«Босанған кезде пайда болған аурудың асқынғаны соншалық, соңғы кезде үлкен дәретке отыру үлкен проблемаға айналған. Жетінші аурухананың колопроктология бөлімшесінің мамандары оған 3-дәрежелі геморрой деген диагнозын қойды. Эпидуралды жансыздандыру арқылы тік ішекке Лонго операциясы жасалды. Заманауи аппараттың көмегімен жасалған ота сәтті өтті. Пациент үшінші күні ауруханадан шықты. Себебі, шағын инвазивті ота орны дәстүрлі операцияға қарағанда тез жазылады, ауырсыну сезімі де әлдеқайда төмен болады. Науқастар екінші күні аяққа тұрып кетеді. Жалпы, мұндай отадан соң науқастың денсаулығы 7-8 күнде қалыпқа келеді», - деп хабарлады аурухананың баспасөз қызметі.

Ота міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті шеңберінде жасалды.

№7 аурухананың колопроктология бөлімінің меңгерушісі Марат Каленбаевтың айтуынша, Лонго операциясы геморройдың III және IV-ші сатысында қолданылады.

«Ол тікішектің анатомиялық құрылымын қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Бұл әдісті қолданғанда зақымданған ішектер кесіп алынбай, керісінше жоғары қарай тартылады. Ішектегі шырышты қабықтың геморрой түйіндерінен жоғары орналасқан бөлігін кесіп алып тастаған соң, түйіндер өздігінен түсіп қалады», - деді Марат Каленбаев.

Дәрігер сондай-ақ геморрой бүгінгі күні кең таралған ауру түріне жататынын айтты.

«Дәрігер көмегіне уақытында жүгіну керек және бұл мәселені өз бетінше шешуге болмайды. Өзін - өзі емдеудің нәтижесі аурудың асқынуынан әкелуі мүмкін, - деп ескертті дәрігер.

Сырқаттан жазылған әйел бақыт сыйлаған, жұмыс істеуге, адамша өмір сүруге мүмкіндік берген ақ халатты жандарға алғыс айтты.


Соңғы жаңалықтар