Алматылық дәрігерлер денесінің 94 пайызын күйік шалған ер адамды аман алып қалды

None
Фото: Управление общественного здравоохранения города Алматы
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматылық дәрігерлер денесін 94 пайызын күйік шалған ер адамды аман алып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға биылғы наурыз айында болды. Көлігінің отырып қалған аккумуляторын тұтатқанда, өрт шығып, ер адам отқа оранды.

«30 наурызда көлігімнің аккумуляторы отырып қалды, аккумуляторды тұтатқанда, өрт шықты. Үстімдегі киімімнің бәрі дерлік отқа оранды. Қатты ауырды, қаншама операцияны бастан өткердім. Екі айға жуық дәрігерлер менің өмірім үшін күресті, бүгін мен қалыпты өмірге оралдым, жүре аламын», - дейді Антон.

Елдегі ең ірі күйік орталығы №4 қалалық клиникалық ауруханада орналасқан.

Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлім еткендей, ер адам клиниканың қабылдау бөліміне жеткізіліп, жансақтау бөлімшесіне жатқызылды.

«Бұл бірегей жағдай деп атар едім - бас, бет, мойын, дене, аяқ- қолының, термиялық күйігі s=94% I-II-IIIa-IIIб дәрежесі диагнозы қойылды. Қазіргі уақытта науқастың күйік ауруы қалпына келу сатысында», - деді Алматы қаласының төртінші қалалық ауруханасының дәрігер-комбустиологы Диас Дәулетбеков.

Аурухана қызметкерлері науқастың өмірі үшін 20 күн күресті.

Науқас мамандандырылған күйік бөлімінде бір айдан астам уақыт жатты, күйік хирургтары оған бір мезгілде аутодермопластикамен некрэктомия отасын жасады. Басқаша айтқанда, олар денесіндегі күйік қабыршағын алып тастап, бүтін терімен жамады.

Антон құтқарушыларына алғыс білдіріп, олардың есімдерін жариялауды сұрады:

№4 қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігерінің емдеу бөлімі бойынша орынбасары – Биконуров Нұржан Омарұлы;

Жансақтау бөлімінің меңгерушісі – Дәулетбеков Жандос Шымыртайұлы;

№4 қалалық клиникалық аурухананың күйік бөлімінің меңгерушісі - Әлменов Елдос Әділханұлы;

Комбустиолог – Андрей Федотов;

Комбустиолог – Дәулетбаев Диас Ермұханбетұлы;

Клиниканың орта және кіші медициналық персоналы.


Соңғы жаңалықтар