USD 434.34 EUR 491.93
RUB 5.56 CNY 68.67
Jańalyqtar

Алматылық дәрігер пациенттің қос тізесіне бір мезгілде ота жасады

2021 жылғы 22 қараша 02:03
Бөлісіңіз:
Алматылық дәрігер пациенттің қос тізесіне бір мезгілде ота жасады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласындағы №4 ауруханада пациенттің қос тізесінің буыны бір мезгілде ауыстырылды. Бірегей ота міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті шеңберінде жасалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұқсас жаңалықтар

Виктор Самусенконың сол жақ аяғы тізесінің ауырғанына 25 жылдан асты.

Соңғы жылдары оң аяғы да сырқырап мазасын ала бастаған. Емханада жасаған консервативтік ем-дом ешқандай нәтиже бермеген екен.

«Пышаққа түскім келмей талай дәрі-дәрмек іштім, жақпамай жақтым, укол да салдырдым. Өкінішке қарай пайдасы шамалы болды. Соңғы кезде ауруым жаныма қатты батқан соң дәрігерлер буын алмастыруды ұсынды», - дейді Виктор Самусенко.

Дәрігер Манарбек Әубәкіровтың айтуынша, көп жағдайда дәрігерлер екі тізенің буынын қатар алмастырмайды.

Өйткені пациент үшін күрделі операцияның салдары да оңайға соқпайды.

Дәрігердің сөзіне сүйенсек, бұл ота техникалық жағынан күрделі болғанымен, оның бірқатар артықшылықтары да бар.

«Мәселен, пациент қайта-қайта тексеруден өтпейді, наркозды да азырақ алады. Ең бастысы, операциядан кейінгі реабилитация уақыты қысқарады. Бір жағынан, екі тізеге бірдей операция жасалғанда адам ағзасына айтарлықтай күш түседі. Сондықтан мұндай отаны ауыр созылмалы ауруларға шалдықпаған, жастар мен орта жастағы адамдарға ғана жасаймыз. Себебі аяқты теңшеп, қимыл-қозғалыс биомеханикасын қалпына келтіру оңай емес», - дейді дәрігер Манарбек Әубәкіров.

Айтуынша, екі тізеге бірдей ота жасау туралы шешімді дәрігер мен пациент бірге отырып, әбден талқылап барып қабылдайды.

Бірақ Виктор Самусенконың жасына қарамастан ота сәтті жасалды дейді маман.

«Буын алмастырудың жалпы құны 1,5 млн теңгеден басталатын жоғары технологиялық операциялар қатарына жатады. Эндопротездеу соңғы жылдары көп жасалып жүрген манипуляциялардың бірі. Себебі ол буыны ауыратын сырқаттың ауруын жеңілдетіп, емін-еркін жүріп-тұруына мүмкіндік береді»,- деді ол.

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Алма Мұқанова

Ұқсас жаңалықтар
Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Жанат Қапалбаева
Жанат Қапалбаева
954-059

MURAǴAT