Алматылық аутист оқушының ермексаздан жасаған мультфильмі халықаралық фестивальде жүлделі орын алды (ФОТО)

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматылық аутист оқушы Канадада өткен аутизммен ауыратын адамдардың жетістіктерін паш ететін халықаралық фестивальде 2-орын алды. Оның ермексаздан жасаған фигуралармен түсірілген анимациялық фильмі қазылардың көңілінен шықты.

Канададағы көрсетілімнен соң жас мүсіншіге шетелдік клиенттен алғашқы тапсырыс түсті. Қазір бозбала қола материалынан мысықтың бейнесін мүсіндеуде. Ол үшін Т.Жүргенов атындағы колледждің ұстаздарынан сабақ алып жатыр.

Конкурсқа қатысу жайлы баланың анасы, «Ашық әлем» аутизммен ауыратын балаларды қорғау қорының қызметкері Жанна Қаратай Түркиялық әріптесі Эрдал Этезмырзадан білген. Наурызда баланың суреті мен туындыларын салып Канадаға жібереді. Кейіннен шетелден хат келіп, олар анасы екеуі Ванкуверге аттанады.

«Менің атым Әлібек. Канадада осындай жүлдеге қол жеткізгеніме өте қуаныштымын. Енді өз жақындарым мен туыстарымды қуанта аламын. Сіздерге көп рахмет», - деді Әлібек марапаттау салтанатында.

Айтулы шарадан соң Әлібек Ванкувер қаласының мэрі Грегор Робертсонның қабылдауында болды.

Алматыдағы №48 мектеп-лицейінің 9-сынып оуқышы Әлібек Қаратайдың мүсіншілік дарынын қазір Т.Жүргенов атындағы өнер колледжінің ұстаздары жоғары бағалап, келесі жылы оқуға түсуге шақырып отыр.

Бозбаланың анасы Жанна Қаратайдың айтуынша, бала кішкене кезінен ерекше қабілеттерге ие. Денсаулығында ешқандай ақау жоқ. Жалпы мектепте оқиды.

Әлібек 4 жасынан бастап ермексаздан мүсін жасаумен айналысады. Жүзумен, сноуборд, саяхат жасауды ұнатады. Шахмат ойнаудан 4 разряды бар. Сондай-ақ, өзі саяхаттаған елдердің музейлерін аралап, музыкалық аспаптарында ойнап көргісі келеді.

«Оның жеңісі өмірін күрт өзгертіп, өзіне деген сенімділікті арттырады деп сенемін. Біздің кішкене ғана жетістігіміз аутист балалардың денсаулығына қатысты қоғамдағы қалыптасқан стереотипті бұзады деп ойлаймын», - деді анасы Жанна Қаратай.

Соңғы жаңалықтар