Алматылық 22 жастағы жігіт 51 адамды алдап, жұрттың 4 млн теңгесін қалтасына басқан

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері бірнеше интернет-алаяқтық жасаған Алматы қаласының 22 жастағы тұрғынын ұстады. Тергеу барысында оның 51 адамды алдап, 4 млн теңгені жымқырғаны анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жылдың басында интернетте тапсырыспен жиһаз жасаймын деген хабарландыру пайда болған. Петропавлдың үш тұрғыны да ол бойынша хабарласып, алдын ала төлем жасаған. Кейін байланыс үзіліп, қала тұрғындарына полицияға арызданудан басқа амал қалмаған.

Облыстық полицияның жедел уәкілдері тергеу барысында осы факті бойынша 51 эпизодты анықтаған. Алаяқтық қармағына еліміздің бірнеше өңірінің тұрғындары іліккен. Қазақстандықтар қаскөйге 4 млн-ға жуық теңге аударған.

ҚР Қылмыстық кодексінің «Алаяқтық» бабы бойынша сот оны 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды, ал бұрын жасаған мүліктік қылмыс үшін жазаның өтелмеген бөлігін ескере отырып соңғы үкім 6 жыл 4 айды құрады.

«Жыл басынан СҚО-да 649 интернет-алаяқтық фактісі тіркелді. Соның ішінде 250-ден астамы интернет арқылы тауарлар мен қызметтерді сатумен байланысты. Сатушының адалдығына жүз пайыз көз жеткізбейінше, алдын ала төлем жасамауды сұраймыз», - дейді СҚО ПД бастығының орынбасары Руслан Назаров.


Соңғы жаңалықтар