Алматыға сырттан келетіндерді қоғамдық көлікпен қамту керек - Б.Байбек

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыға күнделікті сырттан келіп жұмыс жасайтын тұрғындарға қоғамдық көлік желісін құру керек. Бұл туралы ойын бүгін қала әкімі Бауыржан Байбек 2020 жылға дейінгі қаланың Даму бағдарламасын талқылауға арналған «ҮЕҰ жаңа өзгеріске» IX азаматтық форумында білдірді.

Жиын барысында қала әкімі ҮЕҰ азаматтық қоғамды қалыптастырудағы маңызын айта келіп, үкіметтік емес ұйымдарды жаңа заманға бет бұруда тізе қосып әрекет етуге шақырды.

Бүгін қаланың экономикалық дамуы, әлеуметтік, экологиялық және көліктік инфрақұрылымының жаңғырту мәселелері көпшіліктің талқысына түсті.

Қала басшысы қазіргі таңда барлық сырттан келетін азаматтарды қоғамдық көлікпен қамту керектігін айтты.

«Біздің міндет Алматы облысының 5 ірі ауданынан келетін тұрғындарды қауіпсіз, жылдам, әрі экологиялық тұрғыдан таза қоғамдық көлікпен қамту. Алматыға күніне 250 мың көлік кіретінін ескерсек, бұл өте өзекті мәселе», - деді қала әкімі.

Даму бағдарламасына сәйкес, жергілікті маңызға ие автомобиль жолдарының үлесін 80%-ға арттыру мақсат етіліп отыр.

Қала билігі тұрғындар арасында қоғамдық көлікті насихаттауды жалғастырып, экологиялық тұрғыдан таза автобустардың үлесін 32%-дан 50%-ға дейін арттыруды көздеп отыр. Осы бағытта 2020 жылға дейін муниципалды автобус паркін тағы 600 газбен жүретін автобуспен толықтыру көзделіп отыр. Аялдамалар да таяу арада хабарландыру жүйесімен жарақтандырылады.

Сондай-ақ, алдағы бесжылдықта метроның 1-желісін кеңейту (Қалқаман кентіне қарай), БРТ элементтерімен жоғары жылдамдықты автобус желілерін құру көзделіп отыр. Такси қызметіне арналған арнайы жолақ пайда болады.

Қала әкімінің айтуынша, Алматыға сырттан көлікпен кіру болашақта ақылы болмақ. Бұл қаладағы орташа жылдамдықтың деңгейін 20 пайызға арттыруға көмектеседі.

Соңғы жаңалықтар