Алматыға Ресейден жеткізілген дәрінің ірі партиясы үш күн ішінде сертификатталады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы қаласының халықаралық әуежайына дәрілік препараттары бар бірінші әуе рейсі келіп қонды. Екінші партия кешке жеткізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ресейден 55 тонна медикамент жеткізіледі, жүк құрамында әлеуметтік маңызды 10-нан астам препарат атауы бойынша шамамен 3 млн қаптама, соның ішінде, дене қызуын түсіретін және COVID-19-ға қарсы басқа да дәрілік құралдар бар. Тізімде – «Азитромицин», «Цефтазидим», «Ибупрофен», «Фраксипарин», «Метронидазол», «Цефтриаксон», «Гепарин», «Нимесулид», «Левофлоксацин», «Меропенем» ұнтағы, «Эноксапарин», «Бинергия» және басқалары бар.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің мәліметтері бойынша, дәрілік құралдар мен препараттар декларациялау жолымен үш күн ішінде сертификатталады.

«Біздің тарапымыздан ҚР Үкіметіне препараттарды сертификаттау, жаңа препараттарды жедел тіркеу және тез жеткізу процедураларын жеңілдету ұсынысы жасалды. Бұл ұсынысты экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі Мемлекеттік комиссия қолдады. Осылайша, біз медициналық препараттарды сертификаттау мен оларды жеткізудегі прцедуралардың жеңілдетілуіне қол жеткіздік. Осы шаралардың бәрі қаланы дәрімен қамтамасыз етуге және жедел жеткізуге мүмкіндік береді», - деді Алматы қаласы әкімдігінің қаланы дәрілік препараттармен қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіруші Заңғар Сәлімбаев.

Сонымен бірге, шілде айының ортасында Үндістаннан екі партия дәрі-дәрімек келеді деп күтілуде.

Келгеннен кейін дәрілік препараттар төрт ірі фармацевтикалық компания арасында одан ары дәріханаларға жеткізілу үшін бөлінеді. Бұл «Медсервис плюс» КФК ЖШС, «Химфарм» АҚ, «Нобель Алматы фармацевтикалық Фабрикасы» АҚ, INKAR желілері.

«Химфарм» АҚ-ның хабарлауынша, вирусқа қарсы препараттары бар жүк мемлекеттің жедел әуе жеткізілімінің арқасында Қазақстанға жетті.

«Компания барлық қажетті шараларды қолға алды, және тек өз кәсіпорнында дәрі өндіру көлемін ұлғайтып қана қойған жоқ, сонымен бірге, Ресейдегі өзінің серіктестерімен – вирусқа қарсы препараттар шығаратын «Акрихин» компаниясымен байланысқа шықты, олар өндіретін вирусқа қарсы препараттарды қазақстандық «Химфарм» АҚ шығармайды. Осы серіктестіктің және Мәскеуден транспорттық әуе бортын ұйымдастыруда екі мемлекеттің көрсеткен жедел қолдауының арқасында Қазақстанға бүгін «Осельтамивир» вирусқа қарсы препаттың үлкен партиясы бар рейс келді. Аталған препарат дистрибьюторлық компанияларға дереу тиеліп, еліміздің дәріханаларына жақын күндері жеткізіледі», - деп хабарлады «Химфарм» АҚ.

Сонымен қатар, РФ-нан келетін жүктен өзге Алматыға шілденің соңына дейін әлеуметтік маңызы бар шамамен 4,2 млн қаптама дәрі-дәрмек жеткізіледі деп күтілуде.

«Бүгін біз Үкіметтің қолдауы арқасында Ресейден екі ұшақтың келуін күтудеміз. Ең қажет препараттар жеткізіледі. Біз өте қажет дәрі-дәрмектің 13 түрін жабамыз. Олар - азитромицин, цефтриаксон, ибупрофен және басқалары. Үндістаннан да жеткізілім жоспарланған. Ұшақтар коронавирус инфекциясын емдейтін препараттарды ғана бізге тасымалдайды», - деді «INKAR» ЖШС бас директоры Әлия Ерімбетова.

Өз кезегінде «НОБЕЛ Алматы фармацевтикалық фабрикасы» АҚ шұғыл түрде жеткізілген препараттардың барлығының пандемияға қатысты екенін атап өтті. Олардың ішінде кең ауқымды антибиотиктер бар. Жеткізілген препараттар одан әрі тасымалдау үшін дистрибьтерлерге берілетін болады.

Еске салсақ, Алматыда қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсымасы бойынша дәрі-дәрмектерді іркіліссіз жеткізу үшін өндірушілермен, ірі жеткізушілермен және дәрі-дәрмек дистрибьютерлерімен белсенді жұмыстар жүргізілуде. Барлық фармкомпаниялар 1 шілдеден бастап дәріханаларға әлеуметтік маңызы бар 581 мың дана препараттарды жөнелтті, олардың ішінде «Парацетамол», «Аспирин», «Ингавирин», «Ибупрофен», «Азитромицин» және басқа дәрілер, сонымен қатар термометрлер бар.

Дәрі-дәрмекке деген сұраныстың артуы барысында қала әкімдігі, жеткізушілер мен дәріханалар желісі өзара келісімге қол қойып, нәтижесінде әлеуметтік маңызы бар дәрі-дәрмектің 41 түрі дереу жеткізілетін 105 дәріхана анықталған болатын. Осының арқасында дәрі-дәрмектерді жеткізу, олардың бағасын көтермеу және бір қолға үш қаптамадан артық дәрі бермеу мәселелері ретке келтірілуде. Сонымен қатар, аталған 105 дәріханада дәрілердің өтуіне, олардың 10 түрінің және термометрлердің қанша қалғанына күн сайын мониторинг жүргізіледі.

Бұған дейін, Алматыда дәрі дәрмектің тұрақты қорын құру үшін 5 млрд теңге бөлінгені туралы жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар