Алматыға омикрон штамының келетіні сөзсіз – Бақытжан Сағынтаев

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев «Алматы» телеарнасындағы тікелей эфир кезінде Алматыға омикрон штамының келетінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тікелей эфир барысында қала әкімі алматылықтарға жедел түрде вакцина алған жөн екенін айтты.

«Қазіргі кезде бізде вакцинаның мөлшері жеткілікті. Бірінші және екінші вакцина үшін де, ревакциналау үшін де жеткілікті мөлшері бар. Сондықтан алматылықтардың вакциналануға жедел барғаны дұрыс. Себебі омикрон штамы келген кезде жағдай қиындай түседі, ал омикронның келетіні сөзсіз», - деді Бақытжан Сағынтаев.

Сондай-ақ, қала әкімі егер карантин талаптары қайта күшейетін болса, оған дайындық барысы қалай екенін түсіндірді.

«Біз бүгін өзіміздің дәрілік заттар мен жеке қорғаныс құралдары бойынша дайындығымызды тағы қарап, пысықтап шықтық. Егер карантин талаптары қайта күшейтілсе, оған дайын болу үшін қосымша қаражатты резервте сақтап отырмыз, дәрі-дәрмек пен жеке қорғаныс құралдары жеткілікті мөлшерде болу үшін фармацевтикалық компанияларымызға қосымша тапсырыс беріп қойдық. Сондай-ақ, жабдықтармен де толық көлемде қамтамасыз етілгенбіз», - деп атап өтті Алматы әкімі.


Соңғы жаңалықтар