Алматыға қосылған аумақтарда инфрақұрылым дамып келеді
2021 жылғы 30 қараша 22:42

Алматыға қосылған аумақтарда инфрақұрылым дамып келеді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімінің орынбасары Мұхит Әзірбаев Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында қалаға қосылған аумақтарды инфрақұрылымдық дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облысына қарасты Қарасай, Талғар және Іле аудандары учаскелерінің мегаполиске қосылуына байланысты қала билігі халықты таза ауыз сумен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлуде.

Мұхит Әзірбаевтың айтуынша, биылғы жылы сумен жабдықтау және су бұру желілерінің құрылысы бойынша жұмыстар 24 шағын ауданды қамтыды. 10 айда 120 шақырым сумен жабдықтау және 77 шақырым кәріз желісі жүргізілді.

Биыл 14 шағын аудандандағы жылы желілердің құрылысын аяқтау жоспарда, бұл 23 мыңнан астам үйді қалалық желілерге қосуға мүмкіндік береді.

Алматы билігі сапалы электрмен жабдықтау мәселесін де назардан тыс қалдырмады.

Мәселен, «Тұздыбастау» қосалқы стансасын салу есебінен Түрксіб ауданының 200 мыңнан астам тұрғыны 2022 жылы тұрақты электрмен жабдықтауға қол жеткізеді.

Сондай-ақ, Жетісу ауданында жаңа қосалқы станса құрылысын бастау жоспарда.

Алматы әкімнің орынбасары тұрақты электрмен жабдықтау бойынша жұмыстар иесіз желілер бойынша да жүргізіліп жатқанын атап өтті.

«Биыл 91,8 км электр желісі иесіз деп танылып, «Алатау жарық компаниясы» АҚ-ға қызмет көрсету үшін берілді. Қазіргі уақытта 83,5 км иесіз желілер энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасына бекітіліп, кейіннен «Алатау жарық компаниясы»АҚ-ға беріледі.

«Шетсіз қала» тұжырымдамасын іске асыру кезінде сыртқы жарықтандыруға ерекше көңіл бөлінеді. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың соңғы 2 жылдағы бастамасының арқасында мегаполистің 1 963 көшесі көше шамдарымен қамтамасыз етілді», - дейді ол.

Сонымен қатар,ол бүгінгі таңда мегаполис тұрғындарының 99,2 пайызы табиғи газға қосылғанын атап өтті. 2022 жылы 100%-ға жетеді.


Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT