Алматыға коронавирус вакцинасы қалай жеткізіліп, сақталады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев №7 қалалық клиникалық аурухана мен «КФК Медсервис Плюс» ЖШС қоймаларын аралап, халықты жаппай вакциналау үшін ҚР министрлігі жеткізетін вакцина дозаларын қабылдау мен сақтауға арналған инфрақұрылымның дайындығымен танысты. Қоймаларда вакцина дозалары екпе пунктеріне таратылғанға дейін сақталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала әкімі вакциналарды сақтау және тарату алгоритмімен танысты, олардың дұрыс сақталуын қамтамасыз ету үшін жасалған жағдайларды тексерді.

Препараттарды қабылдау аймағында болып, тоңазытқыштарды қарап шықты.

Айта кетсек, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің талаптарына сәйкес вакциналарды сақтау үшін тоңазытқыш камералары сатып алынды.

Қауіпсіздік үшін үш деңгейлі бақылау жүйесі, резервтік және негізгі тоңазытқыш агрегаторлары, 4 температура мен ылғалдылық датчиктері, электронды және механикалық термостаттар бар.

Жалпы, қоймада әртүрлі медициналық бұйымдар мен препараттар сақталатынын ескере отырып, ылғалдылық пен ауа алмасуды сақтау мен бақылаудың әр түрлі аймақтары бар.

«КФК «Медсервис Плюс» ЖШС бизнесті дамыту жөніндегі директоры Саида Ерденбекова вакцина екі контейнерде жеткізілетінін, бұл тәуекелдерді басқару және қауіпсіздік үшін қажет екенін айтты. Өйткені жылу қораптары техникалық ақау болған жағдайда температураны сақтауға мүмкіндік береді.

Вакциналауға бекітілген медицина қызметкерлері екпемен жұмыс істеуді жақсы меңгерген.

Сонымен қатар, Бақытжан Сағынтаев №36 қалалық емханада болды, онда вакцинация барысын тексеріп, вакцина алуға келген қала тұрғындарымен әңгімелесті.

Клиника басшылығы вакцина алғысы келетіндердің саны артқанын жеткізді.

Халықты вакцинациялау алгоритмінде адамдардың қаптап кетуіне жол бермеу үшін алдын ала тіркелу қарастырылған.

Медмекемелерді аралаған қала әкімі коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастарды емдеу барысымен де танысты.

Жалпы қалада вакцинацияның барысы жоспарланған көрсеткішке сәйкес жүріп жатыр. Жұмыс үнемі бақылауда болады.


Соңғы жаңалықтар