Алматыға келетін туристердің 40 пайызы - шетелдіктер

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімдігі туризм саласын дамытуға былтыр 1 млрд теңгеге жуық ақша жұмсаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2018 жылы Алматы қалалық туризм және сыртқы байланыстар басқармасы туристік инфрақұрылымды дамытуға, туристік саланың кадрлық әлеуетін арттыруға 1 млрд теңге жұмсаған. Оның ішінде әуежай мен такси, вокзал қызметкерлеріне арнайы тренинг жүргізілді. Олар келген қонақтарды күтіп алып, оларға қызмет көрсетуге машықтанды», - деді Туризм басқармасының бөлім басшысы Аслан Қоңырханов.

Оның айтуынша, Қазақстандағы туризм ағымының бестен бірі Алматының үлесінде.

Олардың 40% - шетелдік туристер. Көбінесе Ресей және Қытай туристері Қазақстанға жиі ат ізін салады.

«Алматының имиджін қалыптастыру мәселесіне келсек, 2017-2018 жылдары BBC, Euronews қызметтерімен және ең ірі TripAdvisor туристік сайтпен әріптестік жұмыстарын жүргіздік. Қалада 8 ақпараттық дүңгіршек, Almaty Pass картасы ашылды. Картаны алған турист Алматыдағы қоғамдық көлік маршруттарын пайдаланып, көрнекті жерлерге бара алады», - деді басқарма өкілі.

Оның айтуынша, қаладағы нысандарда QR-код қойылады. Осы код арқылы нысанның тарихы туралы ақпарат тыңдауға мүмкіндік берілген.

Сонымен қатар, биыл Боралдай сақ қорғандарында музей ашу, Вознесен соборын қайта қалпына келтіру, «Этнолэнд» этномәдени кешенін, Райымбек мемориалды кешенін салу көзделген.

Әкімдік экотуризм бағытын дамытуды да қолға алып отыр. Оның үстіне, Алматы маңында орналасқан Хан Тәңірі шыңы, Шарын шатқалы мен Көлсай көлінің әлеуеттері жоғары.

Қазақстан туристік қауымдастығының төрайымы Рашида Шайкенова Еуропалық туризм одағы мен қауымдастық арасында ең тартымды аймақ - Алматы мен Алматы облысында экотуризмді дамыту бойынша үлкен жоба жасалып жатқанын айтты.

Оның айтуынша, былтыр Алматыға 700 экотурист келген.

Соңғы жаңалықтар