Алматыға әлемдік үздік технологияларды тарту қажет - Бауыржан Байбек

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімі Бауыржан Байбек IFC халықаралық қаржы корпорациясының Латын Америкасы, Еуропа, Орталық Азия бойынша вице-президенті Джорджина Бейкермен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кездесу барысында IFC қаланың инфрақұрылымдық жаңғыруы мен халықаралық несие рейтингін қалыптастыру туралы кеңес беру туралы уағдаластыққа қол жеткізді.

Алматы әкімі экономикалық өсімнің 3,9%-ға жеткенін айтты. Бұл көрсеткіш халық санының өсуінен алда келе жатыр. Яғни, жан басына шаққандағы жалпы аймақтық өнім артты. Болашақта бұл көрсеткішті 5%-ға арттыру көзделген.

«Бұл үшін инвестиция көлемін арттырып, әлемдік үздік технологияларды тарту қажет. Осы мақсатта біз IFC, Еуразиялық қайта құру және даму банкі, Бүкіләлемдік банк секілді халықаралық қаржы институттарымен бірлесе жұмыс жасап жатырмыз. Қазір қаланың несие рейтингін қалыптастыру мәселесі шешіліп жатыр. Оңтайлы шешім шықса, қалаға ұзақ мерзімді инвестиция тартуға мүмкіндік туады. Осының арқасында бірқатар инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға болады. Атап айтқанда, ескі үйлерді қайта жаңғырту бағдарламасының инвестициялық әлеуеті 410 млрд теңге болып тұр. 1,2 млн шаршы метр тұрғын үй салынуы тиіс. Бұл жұмысқа 16 мың адам тартылады. Елбасының «Қарапайым заттар экономикасы» импорттың орнын басу бағдарламасының үдесінен шығады. Біз өзімізде көп тауар шығара аламыз. Мүмкіндік ұшан теңіз. Алматыда импорт соңғы 11 айда 3,7 трлн теңге болған. Тым болмаса 10 пайызын ауыстырсақ 50 мың адамды жұмыспен қамтуға болады», - деді Бауыржан Байбек.

Қала басшысы IFC-тің әлемде мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында келісімдерді рәсімдеуде тәжірибесі молдығын айтты.

Алматыда қазір ірі инвестициялық жобалар жүзеге асып жатыр. Бұл жобаларға шетелдік инвестиция керек. Мұндай жобалардың бірі - LRT жүйесінің құрылысы.

IFC осы жобаларға сараптама жүргізетін болса жобалардың инвестициялық тартымдылығы арта түспек.

Джорджина Бейкер екі жақты келісімнің Алматы қаласының Орталық Азиядағы беделін арттыруға септігін тигізетінін айтты.

Оның айтуынша, IFC Қазақстандағы стратегиясы инфрақұрылымға қолжетімділікті арттыруға, экономиканы әртараптандыру, бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, қаржылық секторды күшейтуге, шағын және орта бизнесті қоладуға бағытталған.

Бұл корпорация осы бағытта мемлекеттік органдар мен корпорацияларға, МЖӘ аясындағы әріптестікті арттыру туралы кеңестік қызмет көрсетеді.

Айта кету керек, бүгінде Алматы еліміздің қарқынды дамып келе жатқан қаласы. Ел ЖІӨ 5/1-і - Алматының еншісінде.

2014 жылы инвестиция көлемі 5%-ға төмендесе, былтыр - инвестиция көлемі 10,5%-ға артты. Қаланың дамуына тартылған инвестиция көлемі 732 млрд теңге болды. Оның ішінде 100 млрд теңге көлемінде шетелдік инвестиция тартылған. Экономикадағы ШОБ үлесі - 42,4%-ға, салықтағы үлесі 64%-ға артты.

null

Соңғы жаңалықтар