Алматыдан Нұр-Сұлтан және Атырауға қосымша 3 пойыз іске қосылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Жолаушылар тасымалы» АҚ Алматыдан Нұр-Сұлтан және Атырау қалаларына қосымша үш пойызды іске қосты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Халық тарапынан артып отырған сұранысқа байланысты «Жолаушылар тасымалы» АҚ Алматыдан Нұр-Сұлтан мен Атырауға қосымша үш коммерциялық пойыз қосты.

«Алматы-2 – Нұр-Сұлтан-1» бағытындағы №205/206 алғашқы пойыз бүгін Алматы-2 станциясынан шықты және ертең, 9 қаңтарда сағат 13.40-та келеді. Бұл пойыз ертең, сағат 16.20-да кері бағытта қайта аттанады.

«Алматы-2 – Нұр-Сұлтан Нұрлы Жол» бағытындағы №207/208 екінші пойыз бүгін, сағат 21.35-те Алматы-2 станциясынан шығады. Келуі – келесі күні, сағат 12.12-де. Кері бағытта бұл пойыз Нұр-Сұлтаннан 9 қаңтар күні, сағат 21.20-да шығады», - деп мәлім етті «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ БАҚ-пен жұмыс жөніндегі департамент директоры Қайсар Жұмабайұлы.

Оның ақпаратынша, «Алматы-2 – Атырау» бағытындағы үшінші пойыз (№211/212) Алматы-2 станциясынан бүгін, сағат 22.10-да шығып, 10 қаңтар күні Атырауға сағат 23.33-те келеді. Бұл пойыз Алматыға қайтадан 11 қаңтар күні, түнгі сағат үште шығады.

«Еске салып өтейін, барлық пойыздың қозғалысы қалпына келтірілді. Жолаушылар пойыздары өз кестелері бойынша қатынауда», - деп қосты Қ.Жұмабайұлы.

Бұған дейін хабарланғандай, 7 қаңтар күні «ҚТЖ» ҰК» АҚ теміржол билеттерін bilet.railways.kz сайтында және Kaspi.kz қосымшасында интернетсіз сатып алуға мүмкіндік жасаған болатын.


Соңғы жаңалықтар