Алматыдан Қаскелеңге шығатын жолға «Сергек» камералары орнатылады

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы полициясы қаланың шыға берісінде, жолдың қақ ортасында көлік тоқтатып, кептеліс тудыратындардың жиілеуіне байланысты тәртіп орнатпақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жол-көлік қозғалысының күрделенуіне байланысты қалыптасқан жағдайға алаңдаймыз. Кейбір азаматтар такси қызметін көрсететін өтіп бара жатқан көлікті жол жүрісі бөлігінде тоқтатпақ болып, жасанды кептеліс немесе апаттық жағдай тудырады. Бұл жол жүрісі қатысушыларының өмірі мен денсаулығына қауіпті», - дейді Алматы қаласы ПД Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Болатбек Баятанов.

Полиция өкілінің айтуынша, аталған мәселеге байланысты негізгі нүктелерге эксперименттік түрде «Сергек» камералары орнатылады.

«Төле би даңғылы - Момышұлы көшесі, Райымбек даңғылы - Момышұлы көшесі, Райымбек даңғылы - Әшімов көшесі», - деп нақтылады ол.

Сонымен қатар, жол қозғалысының барлық қатысушыларына (көлік жүргізушілерге де, жаяу жүргіншілерге де) ережелер талаптарын қатаң сақтау қажеттігін еске салды.


Соңғы жаңалықтар