Алматыдағы жылжымайтын мүлік орталығының директоры 12 жылға бас бостандығынан айырылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Жылжымайтын мүлік орталығының директоры Сейсен Оразақынов 2 млн. теңге көлемінде пара алғаны үшін 12 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне Алматы қалалық прокуратурасының баспасөз хатшысы Гүлнәр Бердібекова хабарлады.

Айта кетейік, Ора­зақы­нов Сей­сен Асе­нұлы өткен жылы аса ірі көлемде пара алды деп айыпталған болатын.

«Прокурорлық тергеу кезінде аталған азамат өзінің лауазымын пайдаланып, 2012 жылдың тамызынан желтоқсан айына дейін 2 035 000 теңге көлемінде жемқорлық операцияларын жасағандығы анықталды. Ол жеке және заңды тұлғалардан тез арада жылжымайтын мүлікке техникалық паспортты жасап бергені үшін 15-45 мың теңге көлемінде пара алып отырған. Онымен қоймай лауазымды тұлға өзінің қол астындағы қызметкерлерімен де ауыз жаласып, қылмыстық топ құрған», - деді Г.Бердібекова.

Кейіннен өткен жылдың желтоқсан айында қылмыстық істер бойынша Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық соты оны ҚР ҚК 235-бабының 3-тармағы, 311-бабының 4-тармағы бойынша айыпты деп танып, 12 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарған болатын.

Оның қоластында жұмыс істеген, қылмыстық топтың мүшелері Маусымбаев Дінмұхамет, Шантиев Серікжан, Қоңырбаев Кеңесханға қатысты да 8 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарылды.

Аталған тұлғалар сот шешімімен келіспейтіндігін айтып, апелляциялық шағым түсірген еді.

Алматы қалалық сотының апелляциялық коллегиясы судьясының шешімі бойынша алдыңғы сот үкімі өзгеріссіз қалдырылды. Үкім заңды күшіне енді.

Соңғы жаңалықтар