Алматыдағы жылжымалы фотокөрмеде COVID-19-бен күрес көрініс тапқан

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда коронавируспен күреске арналған фотокөрме ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл бастаманы Өңірлік коммуникациялар қызметі көтерді. Мұның алдында қала тұрғындары мен қонақтары COVID-19-бен күресті насихаттау жөніндегі әлеуметтік жобаға қатысуға шақырылған еді.

Фотокөрмеде тұрғындар жіберген суреттерден арнайы комиссия таңдап алған 10 фотожұмыс пен графикалық сурет қойылған. Арнайы комиссия құрамына Алматы қаласының Мәдениет басқармасының концерттік бөлімінің басшысы Айнұр Баженова, Еуразия Мәдени Альянсы директорының орынбасары Ольга Веселова, жеке, аудиовизуалды және фото құжаттарды жинақтау бөлімінің мұрағатшысы Әлім Хайдаров кірді.

Әр жұмыста COVID-19-бен күрес көрініс тапқан. Медицина қызметкерлерінің, эпидемиологтардың, полицияның, еріктілердің жұмыс кадрлары мен алматылықтардың пандемиямен күрестегі көзқарастары бейнелеу түрінде берілген.

Жобаның басты мақсаты – ықтимал жаңа толқын қарсаңында санитарлық нормаларды, әсіресе маска тағу режимін ұстанудың маңыздылығын, пандемиямен күресте алдыңғы шепте табылатын жандардың (медицина қызметкерлері, эпидемиологтар, полиция, еріктілер т.б.) жұмысының құндылығын тұрғындардың есіне салу.

«Осы фотокөрмені ұйымдастыра отырып, біз қала тұрғындарын алдын алу шараларын күшейтуге шақырғымыз келді. Бетперде тағып, әлеуметтік қашықтықты сақтау арқылы әрбір адам қаланың COVID-19-бен жалпы күресіне үлкен үлес қосады. Жалпыға ортақ шаралардың арқасында дәрігерлер мен медицина қызметкерлеріне жүктелген күш азайып, жұқтыру саны кемуі мүмкін», - деді өңірлік коммуникациялар қызметінің өкілдері.

Бұл жобаға ықылас білдірген кез келген адам қатыса алды. Ол үшін 5 фотосурет немесе басқа да графикалық суретті (карикатура, иллюстрация) жіберуі, ең басты шарт ерекше контент қолдану болатын.

«Фототілші ретінде мен коронавируспен байланысты жағдайды алғашқы күндерден бастап түсіре бастадым. Қызық, кейде тіпті қорқынышты болды. Бос қала, блок бекеттер, асығып бара жатқан жедел жәрдем көліктерінің сиренасы және тағы басқа оқиғалар ерекше есте қалды. Алайда жұмыс оқиға орнында болуымды қажет етті, онсыз халыққа қалада не болып жатқанын көрсету мүмкін болмас еді», - дейді фотокөрмеге қатысушы Олег Спивак.

Ал Талғат Галимов өзінің жұмыстары арқылы қала тұрғындарына қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырғысы келгенін айтты.

«Мен адамдарға пандемия мен карантин кезінде өзімізді қалай ұстауымыз керектігін көрсеткім келді. Ең бастысы - осындай қиын кезде адамдар бір-біріне құрмет көрсетуді ұмытпай, біріне-бірі қамқор болулары керек. Адамдардың осы дертке қатысты дүниетанымдары кеңейіп, көбірек жауапкершілік танытып, қауіпсіздік шараларын ұстанса, қашықтықты сақтап, бетперде киіп жүрсе дегім келеді. Себебі бізден басқа мұны ешкім жасамайды. Егер осыны ұстанбасақ, бәріміз ауырып қаламыз», - деді Талғат Галимов.

Алматы әкімдігі әлемдегі эпидемиялық жағдайдың ушыға түскенін ескере отырып, қала тұрғындарын алдын алу шараларын қатаң сақтауға және санитарлық-эпидемиялық шараларды ұстануға шақырады.

Жылжымалы фотокөрме қаланың әр ауданында 12 қарашадан 19-қарашаға дейін сағат 10:00-20:00 аралығында өтетін болады:

13 қараша - Алатау ауданы, «АЛАТАУ» сауда орталығы, Рысқұлов даңғылы, 103/3;

14 қараша - Әуезов ауданы, «GRAND PARK» сауда орталығы, Қабдолов көшесі, 1;

15 қараша - Түрксіб ауданы, «MART» СОО, Рихард Зорге көшесі, 18/4;

16 қараша - Жетісу ауданы, «MAXIMA» СОО, Райымбек даңғылы, 239г;

17 қараша - Бостандық ауданы, «ATAKENT MALL» СОО, Тимирязев көшесі, 42 к3;

18 қараша -Алмалы ауданы, «ЦУМ» сауда үйі, Абылай хан даңғылы, 62/ Жібек жолы даңғылы, 85;

19 қараша - Наурызбай ауданы, Наурызбай ауданының ХҚКО, Шұғыла шағын ауданы, 347/1.

Сондай-ақ, қаланың Самал 2 шағын ауданы, 111 мекенжайындағы (Медеу ауданы) «DOSTYK PLAZA» СОО-ның LED-экрандарынан да көрсетілетін болады.


Соңғы жаңалықтар