Алматыдағы жоғары оқу орындары жаңа оқу жылына дайын ба - мониторинг

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда мониторингтік топ жоғары оқу орындарының жаңа оқу жылына дайындық барысын тексерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда жаңа оқу жылы алдында ЖОО-ларға мониторинг жасап, студенттердің оқу және тұрмыс деңгейі, өрт қауіпсіздігі, санитарлық нормаларға сәйкестігін тексеру үшін мониторингтік топ құрылды.

«Мониторингтік топтың құрамында Алматы қаласы жастар саясаты басқармасы, қоғамдық және жастар ұйымдары, қоғамдық кеңестің мүшелері, сарапшылар, мәслихат депутаттары бар. Біз шілде айында барлық жоғары оқу орындарына мониторинг жасайтынымыз туралы хабарлаған болатынбыз. Кеше мониторинг басталды. Оның 10 тамызда басталуының себебі, мониторинг қорытындысы бойынша біз ұсыныстар әзірлеп, оларды ЖОО-ларға береміз. Себебі, мониторинг барысында кемшіліктер анықталған жағдайда, ЖОО-лар жаңа оқу жылы басталғанға дейін оларды жоюға мүмкіндік алады», - деді қалалық жастар саясаты басқармасының басшысы Қайыржан Меңдіғалиев.

Бүгін мониторингтік топ үш жоғары оқу орнына барды. Атап айтқанда, Қазақ ұлттық педагогикалық қыздар университеті, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті мен Қазақ спорт және туризм академиясында болды.

Мониторинг тобының өкілі Нұрлан Мұхтар ұлының айтуынша, Қазақ ұлттық педагогикалық қыздар университетінің оқу залдарында тазалық жағдайы нашар.

«Өрт қауіпсіздігі талапқа сай емес, университет аумағында қоқыс жәшіктері қойылмаған. Үшінші жатақханада жөндеу жұмыстары ішінара жүріп жатыр, жатақхананың жоғарғы қабатында жарық жоқ, мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасалмаған, медпункт тек 4-жатақханада бар, 2-жатақхананың жағдайы қанағаттанарлық», - деді ол.

Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің оқу корпусында өрт қауіпсіздігі талапқа сай емес. Бұл туралы мониторинг мүшесі Әдия Исакова айтты.

«Жатақхана жертөлесінде жөндеу жұмыстары жүрмеген, кір жуу орны ақылы түрде қызмет көрсетеді, спорт залы лас, төбесінде жарықшақтар бар»,- деді ол.

Сондай-ақ, мониторинг тобының мүшелері Қазақ спорт және туризм академиясын тексеру қорытындысын хабарлады.

«Академия жатақханасында жұмсақ мүкәммалды (матрац, көрпе, жастық) сақтау қағидалары бұзылған, өрттен шығу жолдары бұғатталған, терезе сынған, бөлмелердегі есіктердің сапасы нашар, өрт сөндіргіш жоқ. Стандарт бойынша 6 шаршы метрге 1 адам тұруы тиіс, ал мұнда 4-8 адам тұрады екен. Бұл бір адамға 2 шаршы метрден деген сөз, ол аз», - деп хабарлады мониторингтік топтың өкілдері.


Соңғы жаңалықтар