Алматыдағы жер үйлердің бірінен 2 тоннаға жуық есірткі прекурсоры тәркіленді

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек Алматы қаласының жеке секторынан есірткі прекурсорының қоймасына ыңғайлап жабдықталған гараж табылғанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алматы қаласының жеке секторында пркурсорлар қоймасына ыңғайлап жабдықталған гаражды анықталды.

Сол жерде полицейлер есірткі зертханасына тасымалдауға дайындап қойған 700 литр химикат құйылған 22 ыдыс тәркіледі. Ұйымдастырылған өндіріс ауқымы екі апта сайын 100 келіге дейін есірткі өндіруге мүмкіндік берген. Қазіргі таңда жедел-тергеу шаралары жалғасуда. Аталған факті бойынша полицейлер жұмыс істеп тұрған екі зертхананы және өндіріске толық дайын бір зертхананы және 2 тоннаға жуық прекурсорлары бар қойманы жойды. 84 келі синтетика және екі тоннаға жуық прекурсорлар тәркіленді», - деді ол.

Аталған іске қатысы бар күдіктілер 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

«Ұсталған адамдарға қатысты ұйымдасқан топты құрғаны және оған басшылық жасап, оған қатысқаны және аса ірі мөлшерде есірткі заттарын өткізгені үшін қылмыстық істер қозғалды. Бұл баптар күдіктілердің мүлкі тәркіленіп, 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді», - деді Шұғыла Тұрлыбек.


Соңғы жаңалықтар