Алматыдағы ЖЭО газға көшірілсе, ауадағы залалды қалдықтар 7,5 есе төмендейді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысының жолдауын жүзеге асыруға арналған қала активінің отырысында стратегиялық маңызды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мегаполисте 2020-2024 жылдарға арналған «Жаңа Алматы» кешенді даму жоспарын іске асыру жалғасатын болады. Оған жыл сайын шамамен 200 млрд теңге бөлінеді. Жоспарға қала шетіндегі көлік, бизнес, әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарту бойынша 286 жоба кіреді.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында экологиялық мәселелерді шешу қажеттігін атап өтті. Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, соңғы 11 жылда жылжымалы көздерден шығатын залалды заттар айтарлықтай төмендеді – 128 мыңнан 70 мың тоннаға дейін және жеке сектордан 16 мыңнан 1 мың тоннаға дейін.

Алматыдағы экологиялық жағдайды жақсартудағы басты мәселенің бірі-ЖЭО-2 мен ЖЭО-3 газға көшіру. Соның арқасында залалды қалдықтар 7,5 есеге – жылына 50 мыңнан 6,7 мың тоннаға дейін төмендейді.

Ауаның ластануын болдырмау, ең алдымен көліктерден шығатын залалды заттарды азайту үшін қаланың кіреберістеріне 12 экологиялық пост орнатылды, оның 9-ы тұрақты жұмыс істейді. Сондай-ақ, үш мобильді пост пен жылжымалы экологиялық зертхана сатып алынады.

Қаланы көгалдандыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. «Жасыл Алматы» бағдарламасы бойынша қазірдің өзінде 480 мыңнан астам ағаш отырғызылды. Күзде 350 мың ағаш отырғызу жоспарда. Жалпы, 2022 жылдың соңына дейін 1 миллион ағаш отырғызу көзделген.


Соңғы жаңалықтар