Алматыдағы ЖЭО-2-ні газға көшіру жобасы іске асырыла бастады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның ең ірі жылу электр орталықтарының бірі – Алматы ЖЭО-2-ні газға көшіру және толық жаңарту жөніндегі жұмыстар практикалық іске асыру сатысына шықты. Бұл туралы ҚазАқпарат «Самұрық-Энерго» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Газ станциясын салуға қазан айында жарияланған халықаралық тендерден кейін жобаны қаржыландыру көздеріне қатысты мәселелер шешілді.

25 қарашада Алматыда станция иесі «Алматы электр станциялары» АҚ (АлЭС) мен Еуропа Қайта құру және Даму банкі (ЕҚДБ) арасында «Қоршаған ортаға тигізетін әсерін барынша азайту арқылы Алматы ЖЭО-2-ні жаңғырту» жобасын қаржыландыру туралы кредиттік келісім жасалды. Аталған мәміленің сомасы – 130 млрд теңге.

Бұған қоса, бүгін АлЭС пен Қазақстанның Даму Банкі (ҚДБ) арасында Жобаны қаржыландыруды ұсыну жөніндегі ниеттер туралы келісімге қол қойылды. Ескі ЖЭО-2 жанындағы алаңда жаңа газ станциясын салу бойынша барлық жұмыстарды синдикат, жетекші халықаралық және қазақстандық банктер – ЕҚДБ, Азия Даму Банкі (АДБ) және Қазақстан Даму Банкі (ҚДБ) қаражатын тарта отырып қаржыландыру жоспарланып отыр. Қаржыландыру ұлттық валюта – теңгемен, TONIA-ға (Tenge OverNight Index Average) тіркелген өзгермелі пайыздық мөлшерлемемен жүзеге асырылады.

Жобаға «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры корпоративтік кепілдігін береді, бұл сарапшылардың бағалауы бойынша тәуекелдерді азайтуға және қаржыландыру шарттарын жақсартуға ықпал етеді, ал келісімнің өзі жобаның ұзақ мерзімді қаржыландырумен қамтылуын қамтамасыз етеді.

«ҚР Үкіметі, «Самұрық-Қазына» Қоры және «Самұрық-Энерго» АҚ Алматы қаласы мен Алматы агломерациясының дамуына ерекше көңіл бөліп келеді. Алматы ЖЭО-2 нысанын жаңғырту жобасынан басқа, экологиялық жағдайды жақсарту және Алматы энергия торабындағы жаңартылатын энергия көздері объектілерін одан әрі дамыту үшін біз Алматы ЖЭО-3 аумағында «Қуаты 545 МВт-тық аралас циклді газ станциясын салу» жобасын іске асырып жатырмыз. Бұл нысан 2025 жылы пайдалануға берілмек және осы өңірдегі маневрлік қуат тапшылығын айтарлықтай төмендетуге мүмкінідік береді», - деді «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма төрағасы Серік Тютебаев.

ЕҚДБ Вице-президенті Алан Пиюдың айтуынша, 2025 жылға қарай климаттық және жасыл қаржыландыру ЕҚДБ-ның жыл сайынғы инвестицияларының жартысынан астамын алады деп жоспарлап отыр.

«Бүгінгі шара Алматыдағы ауа сапасын, жергілікті халықтың өмір сүру сапасын жақсартатын және Қазақстанның Париж келісімін сақтауға және 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу мақсатын жақындататын жасыл жобаның керемет үлгісі», - деп атап өтті ЕҚДБ өкілі.

Айта кетсек, «Қоршаған ортаға тигізетін әсерін барынша азайту арқылы Алматы ЖЭО-2-ні жаңғырту» жобасы Алматы ЖЭО-2 алаңында қуаты 600 МВт-ға дейінгі газ-турбиналық технологияларды пайдалана отырып, жаңа станция салуды көздейді. Толық пайдалануға беру мерзімі – 2026 жылғы желтоқсан. Жобаның мақсаты – станцияны табиғи газ жағуға көшіру есебінен станцияның Алматы қаласының экологиялық жағдайына теріс экологиялық әсерін азайту, сондай-ақ қала мен өңір тұтынушыларын жүктеме кестесіне сәйкес жылу және электр энергиясымен сенімді әрі үздіксіз жабдықтаумен қамтамасыз ету.

Сарапшылардың бағалауы бойынша станцияны газға көшіру жобасы Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақтың ең қатаң талаптарына сәйкес келеді. Бұл сәйкестіктер ЖЭО зиянды заттарының шығарындыларын 93%-ға азайтуға мүмкіндік береді, мөлшерлі бөлшектер мен күкірт тотығы шығарындыларының құрамынан күл-қож қалдықтарының түзілуін болдырмайды және көмуге жол бермейді, агрегаттардың дыбыссыз жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Мұның бәрі станцияның қоршаған ортаға және Алматы агломерациясының тұрғындарына әсер ету аймағын азайтуға тиіс.


Соңғы жаңалықтар