Алматыдағы жеке үйлер орталық сумен қамту жүйесіне шілдеде қосылады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Биыл жазда Алматының жеке секторы орталықтандырылған ауыз сумен қамту қызметіне қосылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл шілдеде Алматының Жетісу ауданында сумен қамту және су тарту желілерін қайта жаңғырту жұмыстары аяқталады деп жоспарланып отыр. Бұл туралы аудан әкімі Мұхтар Тәжібаев халықпен есепті кездесуінде айтты.

«Алматыда жалпы ұзындығы 33 шақырым болатын Райымбек және Рысқұлов даңғылдары мен Бродский және Казаков көшелері аймақтарында сумен қамту және су тарту желілерін жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оған мемлекет тарапынан 4,5 млрд теңге бөлінді. Бұл жөндеу жұмыстары биыл шілдеде аяқталады», - деді Жетісу ауданының әкімі Мухтар Тәжібаев.

Бұл белгіленген көше аймақтарында қос қабатты ескі үйлер, жеке сектор орналасқан. Солардың тек бірнешеуі ғана орталық жалпы қалалық коммуникация қызметіне қосылған екен. 2018 жылдың көктемінде мұнда жөндеу жұмыстары басталып кетті.

Сондай-ақ, Жетісу ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамыту бағыты бойынша арық жүйесін қайта жасау мен жөндеу жұмысы қолға алынған. Былтыр су деңгейінің көтерілуіне байланысты бұл ауданда 425 метрлік арық жүйесін жасауға 20 млн 440 мың теңге бағытталды.

«Қазір Спатаев, Сейфуллин, Ратушный, Панфилов, Ангарская, Маркелов, Райымбек, Айнабұлақ-2, Павлодар, Рысқұлов көшелері мен даңғылдарында жалпы көлемі 7629 шақырым болатын арық жүйесін жүргізу жұмыстары қолға алынды. Бұл жұмыстар биыл шілдеде аяқталады», - деді Мұхтар Тәжібаев.

Соңғы жаңалықтар