Алматыдағы жарылыс: 2 студент әлі де медикаментозды ұйқыда жатыр

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін алматылық дәрігерлер колледжде болған жарылыстан жапа шеккен студенттердің денсаулығы жайлы айтып берді. Қалалық денсаулық сақтау басқармасы бас штаттан тыс анестезиологы Тілеуберді Қуандықовтың айтуынша, қазір жағдайы ауыр 5 студенттің үшеуі бөлімшелерге ауыстырылды. Ал қалғанының жағдайы өте ауыр.

«Олардың бірі Исамиддинов Ильяр басынан жарақаттанған. Миы зақымданған. Металл жарықшақтары бас сүйегіне енген. Ол қазір бізді көріп түсініп отыр. Бірақ, миы ісінуі мүмкін.

Сондықтан, оны әлі де медикаментозды ұйқыда ұстап отырмыз.

Екінші пациент - Юлия Карпачеваның жарасы да өте ауыр. Оның ішкі органдары диафрагма, көкбауыр, бүйрек, өкпе зақымданған. Ол қазір өкпенің жасанды демалу аппаратына қосылған. өзідігінен демала алмайды. Есіне келді, бәрін біледі. Жарақаттың салдарынан өте көп қан жоғалтқан. Қатты шошынған. Емі қарқынды түрде жүріп жатыр. Жазылып кетеді деген үміттеміз», - деді Тілеуберді Қуандықов.

Мамандар, сондай-ақ, жарылыстан шапа шеккен және бір студент Максим Ярошовичтің бір көзі көрмей қалғанын айтты.

«Баланың бір көзінің көру қабілеті нашарлап кеткен. Оны Көз аурулары институтының мамандары қарап жатыр. Тым болмаса бір көзінің көру қабілетін сақтап қалу үшін күресіп жатырмыз», - деді басқарма басшысы Жанат Қасымжанова.

Ал, Максимның анасы Раушангүл дәрігерлер мен әкімдік өкілдерінің көрсеткен көмегіне ризашылық танытты.

«Осы 4 күннен бері баламыздың басы-қасында жүрген барлық қызметкерлерге айтар алғысым шексіз. Біз ешкімді кінәламаймыз. Мұғалім де, мастер де сабақта болған. Ешкім оқиға болған жерді тастап қашқан жоқ. Мастердің өзіне кейін көмек көрсетілді. Олар әдейі істеген жоқ. Ешкім, балаларға зұлымдық жасаған жоқ», - деді Раушангүл.

Соңғы жаңалықтар