Алматыдағы жаппай тәртіпсіздік кезінде қару ұрлағандар Шымкентте ұсталды

Фото: None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Күдіктілер екі «сайга» аңшылық карабины мен 70 оқ-дәріні сатып жіберген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жедел-іздестіру шаралары барысында тәртіп сақшылары қаңтар оқиғасы кезінде Алматыдағы дүкеннен қару ұрлаған үш күдіктіні ұстады. Олардың екеуі елдің оңтүстік астанасында жалдамалы пәтерде тұрған, ал үшіншісі ескі досына қонаққа барған. Содан тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан қару-жарақ дүкенінен қолдарына түскеннің бәрін алып, жасырыну мақсатында Шымкентке келген.
Күдіктілер қолды еткен «сайга» аңшылық карабины мен 70 оқ-дәріні сатып жіберген, ал тирге арналған мылтықты күдіктілердің бірі өзінде қалдырыпты.
«Аталған жайт Қылмыстық Кодекстің 291-бабы «қаруды жымқыру» бойынша тіркелді. Күдіктілердің үшеуі де Түркістан облысының тұрғындары болып шықты. Қазір олар қамауда. Жедел уәкілдер қаруды сатып алушыларды да анықтап, ұстады», - деді Шымкент қалалық полиция департаменті тергеу басқармасының бастығы Дәулеткелді Абдраманов.
Сондай-ақ, департаменттің бас тергеушісі қаңтардағы тәртіпсіздік кезінде ұрланған қаруларды анықтау бойынша жедел-іздестіру жұмыстарын жалғастырып жатқанын атап өтті.

Соңғы жаңалықтар