Алматыдағы жағдай тұрақталды – полиция департаменті
2022 жылғы 20 қаңтар 18:41

Алматыдағы жағдай тұрақталды – полиция департаменті

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазіргі уақытта қала толығымен күштік құрылымдарының бақылауында. Жағдай тұрақталды. Бұл туралы Алматы қалалық полиция департаментінің басшысы Қанат Таймерденов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қанат Таймерденовтың айтуынша, шаһарда төтенше жағдай режимі аяқталса да лаңкестікке қарсы іс-шара әлі де жалғасып жатыр.

«Қазір біз тұрғындарға қаруды өз еркімен тапсыру керектігін айтып жатырмыз. Тапсырғандарды, әрине, қандай да бір қылмысқа қатыспаса, жауапқа тартпаймыз. Жедел іс-шара кезінде қаруы тәркіленгендер, қолданыстағы заңнамаға сәйкес ең ауыр қылмыстық жауапқа тартылады. Қару ұрлауға қатысқандарды іздестіру үшін арнайы жедел-іздестіру тобы құрылып, жеке құрамның барлығы осыған бағытталды. Министрлік бұл мәселені ерекше бақылауда ұстап отыр», – дейді Қанат Таймерденов.

Сонымен қатар ол полиция департаментіне кейбір полиция қызметкерлерінің заңсыз әрекеттері мен өкілеттігін асыра пайдаланғаны туралы азаматтардан арыз-шағымдар түсіп жатқанын атап өтті.

«Олардың әрқайсысы формализмге жол бермей, мұқият тексеріледі. Бұл министрдің және біздің қызметкерлерге қоятын талабымыз – заңдылықты қатаң сақтау. Қазіргі уақытта басқаша әрекет етудің жолы жоқ. Сонымен қатар, адамдар бір уақытта елімізде тыныштықты жоғалтып алуымыз мүмкін болғанын түсінуі керек. Мұны көбі түсінеді де. Өйткені сол күндердің өзінде топ-топ болып жиналып, талай нысанды тонаушылардан қорғай білген бейбіт тұрғындар бар. Яғни, азаматтық қоғам да бұл күндері үлкен қолдау көрсетті. Адамдар келіп, қызметкерлерімізді тамақтандырды, көптеген мәселелер бойынша, соның ішінде қаза тапқандардың отбасыларына көмектесуге дайын болды. Расында, осы күндері біз мықты қолдауды сезіндік», – дейді Алматының бас полицейі.

Сөз соңында Қанат Таймерденов Алматыдағы жағдай тұрақталып келе жатқанын тілге тиек етті.

«Қазіргі уақытта қала толығымен күштік құрылымдарының бақылауында. Жағдай тұрақталып келеді»,- деді ол.


Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT