Алматыдағы университеттер Қонаевқа қалай көшіріледі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қонаев қаласынан академиялық қалашық құру мақсатында келер жылы Алматыдағы жоғары оқу орындарын көшіру басталады. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісінің сауалына жауап берген Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты.

«Президент Қонаев қаласынан үлкен академиялық қалашық ашу туралы тапсырма берді. Алматы облысының әкімдігімен тұжырымдаманы дайындадық. Қаладан 97 гектар жер бөлінді. Ол жер арнайы индустриялдық-өндірістік алаң болады. Енді келесі жылы осы 97 гектар жерге Алматыдан қалаған жоғары оқу орындарын ақырындап көшіруді бастаймыз», - деп жауап берді Саясат Нұрбек тілші сауалына орай.


Оның сөзінше, оқу орындарына көшу үшін екі жол ұсынылады. Университеттердің Қонаев қаласына көшуі ерікті түрде жүргізіледі.

«Біріншісі – біз жатақханамен жабдықтағанда студенттер сол Қонаевта тұрып, сабаққа жедел электр пойыздарымен барып, кешке Қонаевқа сонымен қайтады. Оны Алматы облысының әкімдігімен пысықтап жатырмыз. Мұндай формат көп жерлерде бар негізі. Екінші – егер Алматыға мүлдем сыймай жатқан университет болса, оның Қонаевта өз кампусын ашуына болады. Барлығы университеттердің ниетіне байланысты ерікті түрде жүргізіледі», - деп түйіндеді министр.

Қоса кетейік, тілші сауалына жауап берген Саясат Нұрбек жатақхана мәселесін шешу жолдарын да атап өткен болатын.



Соңғы жаңалықтар