Алматыдағы тікұшақ апатына не себеп болғаны анықталып жатыр

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда болған тікұшақ апатына байланысты қайғылы оқиға себептерінің 3 нұсқасы тексеріліп жатыр. Бұл туралы бүгін тікұшақ апатына байланысты ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің әуе оқиғаларын тексеру басқармасының басшысы Нұрлан Жұмасұлтанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Оқыс оқиға кеше 16:05-те «Алатау» шипажайы маңында, жабық жерде болды. Sky service әуекомпаниясының Eurocopter 130 тікұшағы құлады. Тікұшақ толықтай талқан болған. Қазір оқиға орнында тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Тексеру басталды. Арнайы комиссия құрылды. Нәтижесін кейінірек білесіздер», - деді Нұрлан Жұмасұлтанов.

Оның айтуынша, ықтимал үш нұсқа қаралып жатыр.

«Біріншісі - ұшақтың техникалық ақауы, екіншісі - адами фактор, яғни ұшқыштың қателігі, үшіншіден - ауа райының қолайсыздығы. Ауа райын өздеріңіз де көрдіңіздер. Тұманнан 150 метр қашықтық қана көрінген. Мұз қату жағдайы болған. Қазір барлық нұсқа тексеріліп жатыр», - деді ол.

Айта кету керек, қайғылы оқиға кеше Алматыдағы Наурызбай ауданына қарасты «Тау самалы» шағынауданында болды. «Алатау» шипажайының ашық аумағына «Sky Service» әуе компаниясының жеке меншігіндегі Еврокоптер-130 тікұшағы құлады. 51 жастағы ұшқыш Валентин Шитов жедел жәрдем көлігінде қайтыс болды. Тікұшақ Боралдай-Үлкен Алматы көлі бағытында ұшып бара жатқан.

Ал көліктегі ПД қызметкерлері аталған деректі ҚР ҚК 344-бабына («Әуе көлігін пайдалану кезінде жол қозғалысы ережелерін бұзу») сәйкес сотқа дейінгі тергеу ісі реестріне тіркеді. Тергеу жұмыстары басталды.

Соңғы жаңалықтар