Алматыдағы террористік акті туралы ақпарат жалған болып шықты

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы полициясы әскери бөлімге шабуыл дайындалып жатқандығы туралы ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, «Whatsapp» мессенджері арқылы видео тараған болатын. Онда  ер адамның әскери бөлімшенің бақылау-өткізу пунктіне келіп, әлдебір сөздерді айтып жатқанын, кейін оның сыртқа шығып кеткенін көруге болады.  Ол кетіп бара жатып, ғимаратқа қайта-қайта қарағыштайды. Ал кадр сыртындағы дауыс жақында Алматыда әскери бөлімшеге шабуыл дайындалып жатқанын айтады.

Қалалық ІІД бұған қатысты түсінік берді.

«Ақпарат шындыққа жанаспайды. Қазір жалған ақпарат таратқан адамдар іздестіріліп жатыр. Мұндай қылмыс өз кезегінде қылмыстық жауапкершілікке әкеледі», - деді қалалық ІІД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Сонымен қатар полицияның жеке құрамына қатысты аудиожазба таралды. Онда полицейлерге болуы ықтимал террористік шабуылға дайын тұру қажеттігі айтылады және бұл бұйрық аудандық ішкі істер бөлімі бастығының атынан берілген-мыс. Алайда қай аудандық бөлім екені айтылмайды. Аудиожазба 03.28.2018 жылғы сағат 19-06-да тіркелген.

Соңғы жаңалықтар