Алматыдағы Тәуелсіздік жарияланған ғимарат – тарихи нысанға айналды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыдағы Тәуелсіздік жарияланған ғимарат бүгінде тарихи нысанға айналды. Дәл осы ғимаратта 1991 жылы 16 желтоқсанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңға қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тарихи ғимарат Алматының орталығында орналасқан - ғимараттың негізгі қасбеті ескі алаң деп аталатын «Астана» алаңына қарайды. Қазақ КСР Үкімет үйіне арналған ғимараттың құрылысы 1938 жылы басталғантын. Соғыс жылдарында тоқтап қалған құрылыс 1957 жылы аяқталды, ал 1972 жылы оған қосалқы екі ғимарат салынды.

1980 жылға дейін, бұл ғимаратта Жоғарғы Кеңес, Министрлер Кеңесі және Қазақ КСР Компартиясы Орталық Комитеті отырды.Тәуелсіздік алғаннан кейін Алматы облысының әкімдігі осында орналасты. 2001 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін - Қазақстан-Британ техникалық университеті (ҚБТУ). 2016 жылы ҚБТУ (Жоғарғы Кеңес) ғимаратының қасбетінде ҚР мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңның қабылданғаны туралы мемориалдық тақта ашылды.

ҚБТУ-дың PR-менеджері Диас Абылқасов, тарихи ғимаратқа «экскурсия» жасауға келісті. Ол осы ғимаратта жұмыс істеген бұрынғы қызметкерлердің зейнетке шыққанын, бірақ ғимараттың тарихы туралы олардан біраз ақпарат алып қалғанын атап өтті.

Өткен жазда ғимараттың орталық залында демеушілік қаражатпен жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ел тағдыры үшін шешімдер қабылданған залды жаңартуға бір айдан астам уақыт кетті.

«Біз барлық ережелерді қатаң сақтадық, өйткені ғимарат тарихи ескерткіш ретінде мемлекет қорғауында. Ең бастысы, біз коммуникацияларды қалпына келтірдік: жылу, желдету, жаңа дыбыстық жүйе орнатылды, өйткені қазір бұл бөлме мәжіліс залы емес - бұл университеттің қажеттіліктеріне, оның ішінде студенттік іс-шараларға арналған бөлме. Жарық ауыстырылды, барлық люстра қалды, оларға жаңа жарықдиодты шамдар қойды. Паркеті қайта жылтыратылды», - деді Диас Абылқасов.

ҚБТУ-дың дөңгелек залының төбесіндегі күмбезге күн батареялары орнатылды - бұл залды жарықтандыру қажеттілігін «жабуға» мүмкіндік берді.

«Дөңгелек залда ескі орындықтардың төсеніштері ауыстырылды. Өйткені таза былғарының тозығы әбден жеткен. Жарамсыз болды, ескі қаптаманы сақтай отырып, жаңа түсті дерматиннен әзірленді. Орындар қатарлары депутаттар үшін арнайы байланыспен жабдықталған, ол жұмыс істемеді, біз жай ғана үстін ағашпен жауып тастадық », - деді ол.

Залдың екінші қабатында бірнеше ескі орындықтар өз пішінінде сақталған.

Жоғарғы Кеңестің депутаттары отырыстарға Қазыбек би көшесінен кірген.

Қазір мұнда, түлектер аллеясы бар.

Ғимараттың дәліздерінде кеңестік декор элементтері, ескі шамдар, терезелер сол қалпында сақталған.

Қазір Қазақ КСР Коммунистік партиясының бірінші хатшысының көмекшілері отырған кеңселердің бірінде профессор ҚБТУ халықаралық экономика мектебінің деканы, Гэйвин Кретчмар жұмыс істейді.

«Мен Қазақ КСР Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхаммед Қонаев жұмыс істеген жерде отырамын. Мен өзім Шотландияданмын. Мен өзімді музейде жұмыс істейтіндей сезінемін. Біз Халықаралық экономика мектебі көрші залды Лондон стилінде жасадық - ол London room, деп аталады, ал Қонаев отырған бөлме Kunaev room, деп аталады. Бұл ғимаратта Тәуелсіздік қабылданды, сондықтан ғимараттың тарихи маңыздылығын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес», - деді ол.

Профессор қазақстандық студенттердің білімі жоғары деңгейде екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ, Гэйвин Кретчмар отбасымен қазақстандық суретшілердің картиналарын жинайды, сондықтан ол Қазақстан туралы жақсы біледі.

Мұнда Коммунистік партия Орталық Комитетінің бірінші хатшысының да кабинеті болды. Қазір ол аудиторияда сол кездің картасы сақталған.

Терезелерден әдемі саябақты көруге болады.

Асхана бұрынғыдай қалды. Оның тек ішкі көрінісі өзгертілген.

Сондай-ақ, дәл осы ғимаратта астананы ауыстыру туралы шешім қабылданды.

Соңғы жаңалықтар