Алматыдағы субұрқақтар 25 мамырға дейін кезең-кезеңімен іске қосылды
2022 жылғы 17 мамыр 16:15

Алматыдағы субұрқақтар 25 мамырға дейін кезең-кезеңімен іске қосылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда фонтандар кезең-кезеңімен 25 мамырға дейін іске қосылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы әкімдігінің мәліметінше, қалада 60-тан астам коммуналдық субұрқақ бар. Қазіргі сәтте оның 16-сы іске қосылды.

Жалпы, Алматыда 128 фонтан бар, оның 63-і қала меншігінде, ал 65-і жекенменшікте. Субұрқақтар сағат 09:00-ден 23:00-ге дейін жұмыс істейді. Соңғы бес жыл ішінде 13 жаңа фонтан салынды. Алайда қаладағы субұрқақтардың басым бөлігі 60-80-жылдары салынған. Жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары олардың техникалық жағынан дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Фонтандарды жөндеу, санитарлық тазарту мен тазалау жұмыстары үнемі жүргізіліп отырады.

«Қазіргі кезде Орталық мемлекеттік мұражайы жанындағы және ҚБТУ ғимаратының артында орналасқан «Северный» саябағындағы фонтандарға жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық академиялық драма театры алдындағы фонтанның орталық тостағандарын ауыстыру әрі күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет», - деп хабарлады әкімдіктен.

Әрбір фонтанда қауіпсіздікті сақтау мақсатында шомылуға болмайтыны туралы тақтайшалар орнатылған.

Өйткені олардың конструкцияларының ішінде электр, суасты жарықтандыру құрылғылары, суасты сорғылар мен тағы басқа жабдықтар бар.

Еске салайық, былтыр маусым айында Қазақ мемлекеттік циркі ғимаратының жанындағы субұрқақта үш адамды тоқ соққан болатын.


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT