Алматыдағы скверлерді абаттандыруда олқылықтар анықталды
2022 жылғы 12 тамыз 17:13

Алматыдағы скверлерді абаттандыруда олқылықтар анықталды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда бірнеше сквер абаттандырылып жатыр. Нысандарды аралап шыққан қала әкімінің орынбасары Асқар Амрин тиісті сала басшыларына ескерту жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат атқарушы органның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бірінші нысан – Оқушылар сарайының маңындағы сквер. Ауданы 5 га бұл аумақты абаттандыру жобасы 2021 жылы бекітілген. Жарықтандыру жүйесі, балалар алаңы, орындықтар мен қоқыс жәшіктерін орнату, суару жүйесін қалпына келтіру, көгалдандыру – 147 жапырақты және қылқанжапырақты ағаш отырғызу жоспарланған. Қазір мұндағы демонтаж жұмыстары 40% атқарылды. Жаңа суару жүйесінің траншеясы қазылған. Тексеру барысында Асқар Амрин ағаштардың тамыры зақымданғанына мән беріп, жұмыс технологиясын жасыл желекке зиян тигізбейтіндей етіп, қатаң бақылауды күшейтуді тапсырды. Сквердің тарихи келбетін сақтау қажеттігіне баса назар аударды. Қарқынды күшейту үшін қосымша жұмыс күшін тартып, қыркүйекте аяқтауды тапсырды.

Келесі нысан – Мемлекеттік мұражай алдындағы сквер. Мұнда жарықтандыру жүйесі орнатылған, субұрқақ түбі бетондалып, суару жүйесінің құбырлары салынған. Енді кіші архитектуралық пішіндерді орнатып, көгалдандыру жұмыстарын жүргізу жоспарланған.

Сондай-ақ, Байсейітова көшесінің Жамбыл көшесінен Сәтбаев көшесіне дейінгі бөлігін абаттандыру жұмыстары да жүріп жатыр. Аталған аумақта жарық жүйесі орнатылып, кеспетастар төселген, суару жүйесінің құбырлары тартылған. Жұмыстарды қазан айының соңында аяқтау жоспарланған.

Ал, Әлия мен Мәншүк атындағы скверді абаттандыру жобасы бойынша мұндағы шіріген ағаштар кесіледі. Асқар Амрин кесер алдында мамандарды шақырып, жасыл желекті толық тексерістен өткізуді тапсырды.

Сонымен қатар, қала әкімінің орынбасары абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатқан Қазақ-Британ техникалық университеті жанындағы Солтүстік скверінде болып, мердігер компания өкілдеріне жұмыс сапасына қатысты бірқатар ескерту жасады. Жұмыс қарқынын күшейтуді тапсырды.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Асқар Амрин экология және қоршаған орта басқармасына ескерту жасап, қысқа мерзімде барлық олқылықтарды реттеуді, скверлерді 1 қарашаға дейін қолданысқа беруді тапсырды.



Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT