Алматыдағы Сейфуллин көшесінде жол қозғалысы шектеледі

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Сейфуллин көшесінің Жібек жолы көшесінен Райымбек даңғылына дейінгі бөлігінде жол қозғалысы шектеледі. Уақытша қиындықтар аталған учаскедегі жылу құбырларын жаңғыртумен тығыз байланысты. Бұл туралы қалалық Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасынан хабарлады.

«2014 жылдың 15 маусымында М-1 жылу магистралін қайта құру үшін құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Аталған учаскеде ұзындығы 940 метр, диаметрі 1020 мм болатын құбыр жаңартылады. Сейфуллин көшесінде жол қозғалысы шектеледі. Құрылыс жұмыстарының жүруіне байланысты 25 маусымнан 1 қыркүйекке дейін Сейфуллин көшесінің бойына орналасқан үйлерде ыстық су уақытша берілмеуі мүмкін», - делінген хабарламада. Мамандардың айтуынша, 1986 жылы пайдалануға берілген учаскеде құбырлар жүйесі ескірген. Естеріңізге сала кетейік, қалалық Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы Алматыда жылу құбырларын жаңғырту басталғаны туралы хабарлаған еді. Соған байланысты 9 учаскеде ыстық сумен қамтуда үзіліс болып, жол қозғалысы қиындамақ. Жаңғырту жұмыстары 2014 жылдың 1 қыркүйегіне дейін аяқталады деп жоспарлануда.

«Атап айтқанда, Мәметов-Панфилов-Уәлиханов көшелерінің, Отырар-Саин-Төле би көшелерінің, Құрманғазы-Чайковский-Уәлиханов көшелерінің, Торайғыров-Саин-Науаи көшелерінің, Әл-Фараби-Марков көшелерінің қиылысындағы, Райымбек-Сейфуллин-Жібек Жолы көшелерінің, Қажымұқан-Байжанов көшелерінің, ул. Чайковский-Мәметов көшелерінің, Мәметов-Панфилов-Мақатаев көшелерінің түйіскен жерінде, Жұлдыз-2 шағын ауданында орналасқан үйлерде ыстық су беру аракідік үзіліп, жол қозғалысы шектеледі», - делінген хабарламада.

2008 жылдан бері Алматыда 97,2 шақырым жылу құбырлары жаңғыртылған. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде жылу құбырларының тозу көрсеткіші 10 пайызға дейін төмендеген.

Соңғы жаңалықтар