Алматыдағы Сайран көлінің маңынан қару-жарақ табылды

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы қаласының Алмалы ауданында бұтақтар түбінен қару-жарақ табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қару-жарақ «Қару» республикалық жедел алдын алу іс-шарасы барысында табылды. Бұл туралы Алматы қаласы бойынша ЛА-155/13 ҚАЖД мекемесінің жедел уәкілі Рахат Нұрбеков мәлім етті.

«Алматы қаласы бойынша ЛА-155/13 ҚАЖД мекемесінің жедел тобының қызметкерлері Алмалы аудандық полиция басқармасына қарасты полиция бөлімінің қызметкерлерімен бірге Варламов көшесі бойынан, Сайран көліне қарай батыс бағытта құрғақ бұтақтардың арасынан қару-жарақ пен оқ-дәрілердің қоймасын тапты. Онда 12 калибрлі, екі тегіс ұңғылы аңшы мылтығы, ПМ газ тапаншасы, оқтар табылды», - деді Рахат Нұрбеков.

Алдын ала мәлімет бойынша табылған қарулар биылғы жылдың қаңтар айындағы жаппай тәртіпсіздіктер кезінде ұрланған.

Оның нақты кімдікі екендігі сараптамадан кейін анықталатын болады.

Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 287-бабы 2-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

Еске салсақ, жуырда Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша ҰҚКД қызметкерлері мен Алматының Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері екі қап қару мен оқ-дәрі тапқан болатын. Түрксіб ауданындағы Гете көшесінде қару-жарақ пен оқ-дәрінің 20-ға жуық түрі жасырылған.




Фото: polisia.kz


Соңғы жаңалықтар