Алматыдағы «Сайран» автовокзалы қала сыртына шығарылмайтын болды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда қоғамдық кеңес отырысында «Сайран» және «Саяхат» автовокзалдарының мәселесі талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

28 наурызда қоғамдық кеңес мүшелері Алматы вокзалдарын аралап, жай-күйін бақылаған болатын.

Мониторинг тобы вокзалдардан антисанитарлық жағдай, заң бұзушылық деректерін анықтады. Қосымша есіктердің жабықтығы,  өрт сөндіру баллондарының ескілігі, жабайы сауда алаңына айналып кеткені  сыналған болатын.

Өз кезегінде «Саяхат» вокзалының иесі Ахмет Алероев Жетісу ауданына көшетін болған соң құрылыс жұмыстарын бастамай отырғандығын алға тартты.

Бүгінгі құзырлы органдардың қатысуымен өткен отырыста «Сайран» вокзалының сол орнында қалатыны белгілі болды.

«5 жыл бұрын қаланың  солтүстігінде, шығысында, батысында автовокзалдар салынатыны жоспарда болатын. Қазір қала әкімінің орынбасары Дәрібаев вокзал өкілдерімен көшпелі жиын барысында аталған нысанның қалада қалатынын мәлімдеді. Онда айтылғандай, Алматыға билет сатып алған адам қаланың ортасына дейін жетуі керек», - деді «Сайран»  автовокзалының өкілі Ерлан Әбілдаев.

«Біз жыл сайын 25-30 млн теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргіземіз.  Бірақ күрделі жөндеу жұмыстары керек. Енді вокзал орнында қалатыны белгілі болған соң күрделі жөндеу жұмыстары толық қолға алынады», - деді ол.

Қоғамдық кеңес мүшелері вокзалға Төле би көшесінен кіру мүмкін еместігін алға тартты.

«Көктем басталғалы бұл жұмыс қолға алынды. Өткен жылы жабайы сауда орындары толығымен алынды. Төле би көшесінен кіре беріске келсек, қалалық сәулет және құрылыс басқармасымен 1 ай көлемінде жобалау жұмыстары басталады. Соның нәтижесінде қанша қаржы кететіндігі, қандай өзгеріс болатыны белгілі болмақ», - деді Ерлан Әбілдаев.

«Саяхат» вокзалына қатысты қоғамдық кеңес мүшелері тағы наразылық білдірді.

Ғимарат 2008 жылы сүрілген. Орны жайма базар мен қала сыртындағы автобустардың тұрағына айналды.

«Саяхат ЖШС тарапынан бұл жобаның жүзеге асуы тоқтап қалды. 2008-2010 жылдар арасында жоспарланған 5 учаскенің орнына 4 жер учаскесі ғана сатылып алынды. Келісім жүзеге аспағандықтан, жер меншігіне қатысты құқықты растайтын құжаттың жоқтығынан, экономикалық құлдыраудың кесірінен көп деңгейлі автопаркинг жобасының құрылысы тоқтап қалды. 2009 жылдың қыркүйегінде қала әкімдігі бұл жерге уақытша жәрмеңке алаңын ашуға рұқсат берген болатын», - деді Жетісу аудандық әкімдігі аппаратының жетекшісі Вячеслав Вавилин.

Кеңес мүшесі Рахман Алшанов 10 жыл ішінде «Саяхат Инвест» компаниясынан бірде бір жоба, ұсыныс түспегенін айтты.

«Құрылтайшы Ахмед Местоев инвестор іздеп жатыр. Қалған 10% жер учаскесінің қожайындары бізден тым көп өтемақы талап етіп отыр», - деді  «Саяхат Инвест» ЖШС басқарушы директоры Тимур Имашев.

Фото: kt.kz

Соңғы жаңалықтар