Алматыдағы сарбаздың өліміне қатысты әскери бөлім өкілдері түсініктеме берді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда 5571 әскери бөлімінің өкілдері сарбаздың өліміне қатысты түсініктеме берді.

Әскери бөлімнің командирі Мұхамедов Нұрланның айтуынша, сарбаз осының алдында тәртіп бұзған.

«Алдын ала жүргізілген қызметтік тексеру нәтижесінде қатардағы жауынгер Найзабековтің дәл сол күні құқық бұзушылық жасағаны анықталды. Ол ешқандай қылмыс пен құқық бұзушылықтың жазасыз қалмайтынын білді. Сол үшін өзін кінәлі сезінген сарбаз осы қадамға баруы мүмкін. Әзірге тергеу жұмыстарына кедергі келтірмес үшін оның қандай құқық бұзушылық жасағанын айта алмаймыз», - деді подполковник Нұрлан Мұхамедов.

Қазір аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. ҚР Ұлттық Ұланы бас қолбасшылығы аталған оқиға бойынша қызметтік тексеру жасап жатыр.

Бүгін марқұмның денесі Ақтау қаласына жеткізіліп, ертең жер қойнына табысталмақ.

Естеріңізге сала кетейік, 25 қазанда Алматыдағы 5571 әскери бөлімінде Найзабеков Ақберген есімді сарбаз асылып тұрған жерінен табылды.

Әскери бөлім қызметкерлерінің айтуынша, табылған кезде ес-түссіз болғанменен, қан тамыры соғып тұрды. Жедел жәрдем бригадасы қанша жан сақтау шараларын жүргізсе де, сарбаздың жанын арашалай алмады.

Сот-медициналық сараптама мамандары оның зорлықпен өлтірілгендігі туралы еш белгі таппады.

«Сарбаздың үйіне кетуіне 30 күн қалған еді. Ар-ұяты жоғары, абыройлы әскери қызметші еді. Денсаулығы бойынша еш жерде есепте тұрмайтын. Жақындарының қайғыларына ортақтасып көңіл айтамыз», - деді Нұрлан Мұхамедов.

Соңғы жаңалықтар