Алматыдағы сарапшылар қаңтар оқиғасын талқылады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаев оқу орнындағы ғалым-сарапшылармен кездесу өткізді. Онлайн форматта өткен жиынға қатысушылар қаңтар оқиғасын талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кездесудің негізгі мақсаты – болған оқиғаға ғылыми тұрғыда талдау жасап, себебін анықтау. Бізге еліміздің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуы бойынша ұсыныстарды дайындау қажет. Парламентте сөйлеген сөзінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев толық құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және азаматтардың құқықтарын қорғау, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, діни экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмысты жандандыру, шағын және орта бизнесті дамытуға жәрдемдесу, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу сынды нақты міндеттер қойды», – деді Жансейіт Түймебаев.

Сонымен қатар, білім ордасының ректоры қаңтар оқиғасына байланысты фактілерді жинақтап, себеп-салдарын анықтауды және қиын кезден шығу жолдарын қарастыруды тапсырды.

Заң ғылымының докторы Алуа Ыбраеваның айтуынша, елімізге лаңкестік әрекет жасалды.

«Мен негізгі үш мәселеге тоқталғым келеді. Ең бірінші, құқық қорғау органдарына ерекше көңіл бөлу керек. Себебі бізді қорғайтын – осы азаматтар мен азаматшалар. Ал онда қызмет атқарып отырған полиция қызметкерінің әлеуметтік-экономикалық жағдайлары төмен. Сондықтан ең алдымен полиция қызметкерлеріне қолайлы жағдай жасау қажет. Олардың жұмыс уақыты 12-15 сағатқа дейін созылып жатады. Сол себепті мемлекет тарапынан оларға қолдау көрсетілуі керек.

Қаңтар оқиғасын «лаңкестік» деп айыптауға болады. Президенттің Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) әскерлерін елге кіргізгені дұрыс шешім деп санаймын. Кез келген мемлекетте осындай жағдай орын алуы мүмкін. Кенеттен жасалған соққыға көптеген елдер өз күшімен тойтарыс бере алмай қалатынын ескерген жөн. Ал бізге бағытталған шабуыл лаңкестік актісі болды деп санаймын. Сол арқылы ел-жұрт арасында үрей тудырып, сайып келгенде, билікті құлатуға талпынды деуге болады»,- деді Заң ғылымының докторы Алуа Ыбраева .

Ал Археология, этнология және мұражайтану кафедрасының профессоры Аманжол Қалыш бұл оқиғаны жан- жақты сараптау керектігін тілге тиек етті.

«Cоңғы уақытта елімізде болған ауыр оқиға кім-кімге болсын оңайға соққан жоқ. Қаза болғандардың туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтамын. Осы болған жайттарға «бір жеңнен қол, бір жағадан бас» шығарып ұйымдасып, ғылыми талдау жасауымыз қажет. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын баса назарға алып, қаңтар оқиғасының түпкі себебіне үңілуіміз керек. Халықтың әлеуметтік деңгейін көтеріп, табысын жоғарылату – бүгінгі күннің басты мәселесі. Батыс өңірінде басталған бейбіт шеру жаппай күллі өңірлердің де үн қосуына ұласты. Соңы баршамызға белгілі болғандай, арандатушылар мен террористердің ықпалында қалды.

Қазынаның үстінде отырған Қазақстанның әрбір азаматы бақуатты өмір сүруге лайық деп есептеймін. Ол үшін бәріміз төрт құбыламыз түгел, жұдырықтай жұмылып, бірлікте жұмыс істеуіміз керек. Қитұрқы арандатушылар мен терроршылардың мақсаты – елді бірлігінен ажырату. Билік пен халықтың арасы алшақтап кетті. Тарихқа қарап сабақ алатын болсақ, бұның ақыры революциямен аяқталған. Басты мақсат ел мүддесі болу керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа үндеуінде елдік мәселелерді көтеріп, Үкіметке нақты тапсырмалар жүктеді.

Бүгінгі қиын-қыстау заманда әлдебір саяси ойындардың құрбанына айналып кетпеу үшін Президентіміздің алдағы болашаққа қатысты жоба-жоспарлары мен реформаларын ел болып қолдау – баршамыздың міндетіміз»,- деді Аманжол Қалыш.


Соңғы жаңалықтар