Алматыдағы Республикалық спорт колледжі жанындағы мектеп-интернат қайта ашылды

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыдағы Республикалық спорт колледжі жанындағы мектеп-интернат қайта ашылды. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Асхат Ораловтың сөзінше, Министрлікке келіп түскен түйткілді мәселелердің ішінде – Алматыдағы «Республикалық спорт колледжі» жанындағы мектеп-интернаттың жұмысын қайта жандандыруға қатысты ата-аналар мен ұстаздар тарапынан түскен өтініштер маңызды болуда.

«2022 жылы аталған оқу орны жабылып, дарынды оқушылар, жаттықтырушылар мен ұстаздар басқа білім беру ұйымдарына жіберілген еді. Мәселені бірден тікелей өз бақылауыма алдым. Аталған оқу орнынын түлектері – Дәулет Тұрлыханов, Ольга Шишигина, Ислам Байрамуков сияқты белгілі спортшыларымыз. Сондықтан да бұл мектептің базасы мен мықты оқытушылары әлі де көптеген талантты спортшыларды даярлайтыны сөзсіз. Сол себепті мектепті жабу туралы шешім қайта қарастырылды», - деп жазды Асхат Оралов.

Ол сондай-ақ білім ордасы бүгінде оқуға құжаттар қабылдауды бастап, оған жүздеген бала қабылданып, ондаған кәсіби оқытушы мен жаттықтырушы жұмыспен қамтылатынын хабарлады.

«Министрлік лицензияны қайтару бойынша ауқымды жұмыс жүргізді. Бүгінде білім ордасы оқуға құжаттар қабылдауды бастап кетті. Мектепке жүздеген бала қабылданып, ондаған кәсіби оқытушы мен жаттықтырушы жұмыспен қамтылады. Интернаттың дайындық жұмыстарын көріп, оқу кабинеттерінің жабдықталуын, кітаптармен қамтылуын, жатақханадағы орындардың жай-күйімен танысу үшін арнайы бардым. Сонымен бірге, мұғалімдердің тізімі, сабақ кестесі мен күн тәртібі бекітілді», - деді Мәдениет және спорт министрі.

Оның мәліметінше, министрлік үшін балалар мүддесі – бірінші орында.

«Бүгінде Мемлекет басшысы балалар спортын дамытуға айрықша назар аударып отыр. Біздің министрлік үшін де балалар мүддесі – бірінші орында. Болашақ бүгіннен басталатынын ескерсек, ел мерейін асырар ертеңгі чемпиондарымызға қажетті жағдайды дәл қазір жасауға тиіспіз», - деп жазды Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов.

Еске салсақ, өткен жылы Алматыдағы спорт колледжі жабылады деп шешім қабылданған. Осыған қатысты Мәдениет және спорт министрлігі ресми түсінік берген болатын.

Кейін Мәдениет және спорт министрі болған Дәурен Абаев Алматыдағы Республикалық спорт колледжі жабылмайтынын мәлімдеген еді.

Фото: facebook.com/Асхат Орланов

Соңғы жаңалықтар