Алматыдағы реконструкция: қоғам белсенділерін не алаңдатады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматының жөндеуден өткен орталық көшелеріндегі ағаштардың жағдайы қоғам белсенділерін алаңдатып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

«Шілде-тамыз айларында көшет отырғызу, абаттандыру саласындағы қоғамдық ұйымдардан жұмыс тобы құрылды. Қоғамдық кеңес мүшелері қала аумағын аралап, көшпелі мониторинг жүргіздік. Шара барысынды өте көп кемшіліктерді байқадық»,-деді Алматы қоғамдық кеңесінің мүшесі Жұмагүл Тәжібекова.

Оның айтуынша, Абылай хан мен Достық даңғылдарын жөндеу кезінде барлық арық бітеліп қалған. Артынша оларды тазалау да ойластырылмаған. Сондықтан тез арада арықты қоқыстан тазарту керектігін атап өтті. 

«Реконструкция жасалған барлық жерде мүлде норма сақталмаған. Ағаш түбіне қатысты ұстанатын ережелер бар. Іске тартылған биологтар ағаш қуысын жауып тастағаннан ол ауруға ұшырап немесе жойылуы мүмкін екенін ескертеді. Әрине, мұның бәрі қала игілігі үшін жасалған, бірақ әлгі айтылған мәселелер қаламыздың жасыл желегіне зиянын тигізеді. Екі жылдан кейін Абай, Абылай хан, Достық көшелеріне отырғызылған көшеттерден айырылып қалу қаупі бар. Қоғам белсенділері болып, әкімдіктің толық тексеріс жүргізуін сұраймыз»,-деді ол. 


Ол сондай-ақ қоғам белсенділері Алматы қаласына ерекше мәртебе беру туралы заңға енгізу үшін өзгерістер әзірлегенін жеткізді. 

«Алматы қаласына қатысты нұсқаулықтарды жергілікті атқарушы орган бекітіп отырса дейміз»,-деп сөзін қорытындылады Жұмагүл Тәжібекова.

Қоғамдық кеңес төрағасы Рахман Алшановтың айтуынша, қала тым жедел абаттандырылуда. Ешқандай келіссөзсіз. Жұмыстар аяқ асты, асығыс атқарылған. 

«Төселген плиткалар ендігі шашылып жатыр. Неге асығыс істеледі? Салдарынан мәслихатта бөлінген бюджет желге ұшып жатыр. Жөндеу үшін қайтадан ақша керек. Ағаш суаруға қатысты тағы сол мәселе. Алматыда тұрып, біз қашан ағаш өсіруді үйренеміз?»,-деді ол.

Соңғы жаңалықтар