Алматыдағы психохрониктер мен мүгедектерге арналған интернат үйінің тұрғыны жұмбақ жағдайда қаза болды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда психохрониктер мен мүгедектерге арналған интернат үйінің тұрғыны жұмбақ жағдайда қаза болды. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне қалалық ІІД баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек айтты.

Оның айтуынша, адам өлімі туралы хабар полиция пультіне кеше түскен. Оқиға орнына Бостандық аудандық ІІБ жедел-тергеу тобы барып, алғашқы тергеу материалдарын жинады.

«Қазір қаза болған 48 жастағы ер адамның денесі мәйітханаға жіберілді. Оның неден көз жұмғанын анықтау үшін сот-медициналық сараптама жасалып жатыр», - деді Салтанат Әзірбек.

Сонымен қатар, баспасөз хатшысы аталған әлеуметтік нысанда пациенттердің ақшасын тартып алу фактілері кездескендігін де растады.

«Бұл мекеменің әлеуметтік жұмысшыларының тұрғындардың ақшасын тартып алуына байланысты бұрын да қылмыстық істер қозғалған. 3 адамның зейнетақысын әлеуметтік жұмысшылар қолды еткен. Қазір бұл қылмыстық істер бойынша да қосымша тексерулер жүргізіліп, шығын көлемі анықталуда», - деді С.Әзірбек.

Қазір тергеуалды тексерулер жүргізілуде. 48 жастағы мүгедектің қандай жағдайда қаза болғаны анықталған соң, қылмыстық іс қозғалатын болады.

Соңғы жаңалықтар