Алматыдағы Президент резиденциясын басып алу билікті құлату кезеңдерінің бірі ретінде ойластырылған

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Алматыдағы Президент резиденциясын басып алу билікті құлату кезеңдерінің бірі ретінде ойластырылған. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасы 1-қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«5 қаңтарда күндіз Алматы қаласында қылмыскерлер Әуезов аудандық полиция басқармасы және Алмалы аудандық полиция басқармасы мен бөлімшесінің әкімшілік ғимараттарын басып алуға тырысты. Сол күні кешке қарулы топ қалалық Полиция департаментінің ғимаратына шабуыл жасады. Олар әртүрлі бағыттардан жүйелі түрде шабуыл жасады. Атыс қаруы мен жарылғыш заттарды қолданды. Полиция ғимаратын қоршау бір тәуліктен астам уақытқа созылды. Қала әкімдігінің ғимаратын басып алғаннан кейін қылмыскерлер Президент резиденциясының ғимаратына көшті. Шабуылдаудың белсенді кезеңі сағат 15.00-ден 16.00-ге дейін болды. Шабуылдаушылар басып алынған арнайы техниканы пайдаланып, ғимараттың қақпасы мен қоршауын кемінде 5 рет бұзуға тырысты. Шабуылдау кезінде қару дүкендерінен ұрланған қарулар қолданылды. Тірі қалқан ретінде әкімдікке шабуыл жасау кезінде тұтқынға алынған әскери қызметкерлер пайдаланылды. Қылмыскерлердің басым көпшілігі алкогольдік және есірткілік мас күйінде болды», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында.

Бас прокуратура өкілінің атап өтуінше, сол күні қараңғы және қалың тұманның түсуіне байланысты ғимаратты қорғау мүмкін болмады. Өйткені бейбіт тұрғындардың құрбан болу қаупі жоғары еді.

«Сағат 19.25-те резиденцияның қоршауы Камазбен алынды және қарулы топ ішке кірді. Резиденцияны басып алу билікті құлату кезеңдерінің бірі ретінде ойластырылған. Себебі мұндай ғимарат пен әкімдікті басып алу қаланың мемлекеттік басқару жүйесінде хаос тудыруы және халықтың өз қауіпсіздігі үшін дабыл қағуы керек болатын. Әкімдік пен Президент резиденциясына шабуылдар кезінде қауіпсіздік күштерінің ескертуіне қарамастан, қылмыскерлер қауіп қатерді, оларға қатысты атыс қаруын қолдануды ұғына отырып, ғимараттарға мақсатты түрде шабуыл жасады. Бүгінгі күні Резиденция ғимаратына жасалған шабуылдарға тойтарыс беру кезінде қаза тапқан 12 адам терроризм актілерін жасағаны үшін күдікті деп танылды.Ғимараттарды қиратулар, өртеу және қарулы шабуылдар нәтижесінде Алматы қаласы бойынша алдын ала шығын 98 млрд теңгені құрады. Оның ішінде 1 592 бизнес субьектілеріне 92 млрд теңге залал келтірілді. Құрылымдық күштердің 9 қызметкері қаза болып, 2 260-ы дене жарақаттарын алды. Қылмыскерлердің көрсетілген әрекеттері заң бойынша терроризм актісі ретінде сараланады», - деді Елдос Қилымжанов.


Соңғы жаңалықтар