Алматыдағы Перинатология орталығына шала туылған балалардың өмірін сақтап қалуға көмек беретін бірнеше құрал-жабдық табысталды (ФОТО)

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Акушерлік, гинекология және перинатология орталығына демеушілер шала туылған балалардың өмірін сақтап қалуға көмек беретін бірнеше құрал-жабдықтар табыс етілді.

Құны 18 100 000 тұратын жаңа жабдықтар Болат Өтемұратовтың «Асыл мирас» жеке қайырымдылық қорының қаржысына сатып алынды. Соңғы технологиямен шығарылған жасанды тыныс алу аппараты, ота үстелі, реанимобиль бала өлімі көрсеткішін азайтуға септігін тигізеді деп санайды мамандар.

Орталық директорының клиникалық жұмыстар бойынша орынбасары Сұлтанова Жанаттың айтуынша, мекеме жыл сайын 7000-ға жуық адамға қызмет көрсетеді. Оның ішінде жоғары деңгейдегі қауіп тобына жататын 3000-ға жуық сәби бар.

Осыдан 3-4 жыл бұрын аталған орталықтағы перинаталды өлім көрсеткіші 22 промилле болатын. Қазір ол көрсеткіш 10-11 промиллеге жетті. Болашақта жаңа құрал-жабдықтардың көмегімен 6 промиллеге жеткізу жоспарда бар.

«Жылына Қазақстанда 300 мың әйел босанса, олардың 10-12 пайызы, яғни 30 мың бала шала туылады. Көп жағдайда аналардың денсаулығына байланысты олардың жүктілігін мерзімінен бұрын тоқтатуға тура келеді. Соның салдарынан салмағы 500, 700 грамм, 1 келі болып туылатын шақалақтарды аман алып қалу үшін осындай жабдықтар керек», - деді Жанат Сұлтанова.

Оның айтуынша, жасанды тыныс алу аппаратына жылына 300 бала қосылатын болса, жаңа аппарат жасанды тыныс алуға мұқтаж балалардың санын бірнеше есеге азайтуға көмектеседі. Орталықта бұған дейін 4 ота үстелі болған, күніне әрқайсысында 5 ота жасалады. Жаңадан әкелінген үстел өткізілетін оталардың санын 2 мыңға жеткізуге септігін тигізеді. Реанимобиль қажетті заманауи алғашқы көмек көрсету технологиясымен жабдықталған. «Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығы - республикамыздағы жетекші мекеме. Оның мамандары босанатын әйелдерге көмек көрсетумен, шала туылған сәбилерді күтумен айналысады. Осы жабдықты тапсыра отырып, жаңа техника орталық қызметкерлерінің ауыр еңбегіне көмек көрсетіп, сәбилердің өмірін аман алып қалады деп үміттенеміз», - деді «Асыл мирас» қайырымдылық қорының директоры Марат Айтмағамбетов.

Соңғы жаңалықтар