Алматыдағы орыс мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры күрделі жөндеуден өтеді

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Н. Сац атындағы театр алдағы уақытта күрделі жөндеуден өтеді. Ол қаланың тарихи-мәдени мұрасы тізіміне енгізілді. Бұл туралы Алматы әкімі Ерболат Досаев Әуезов ауданы тұрғындарымен кездесуі барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шаһар басшысымен кездесуге келген Н. Сац атындағы театрының әртісі Ольга Коржева ғимаратты күрделі жөндеуден өткізу мәселесін көтерді.

«2025 жылы Н. Сац атындағы орыс мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры 80 жылдығын тойлайды. Ғимараттың сыртқы және ішкі желілері 90 пайызға тозған.Тарихи ғимарат қашан жаңартылады? Сондай-ақ театр заманауи жабдықтарды қажет етеді»,- деді ол.

Ерболат Досаев Сац атындағы театрдың қала өмірінде алатын орны ерекше екенін атап өтті. 2021 жылы ғимарат қаланың тарихи мұрасы ретінде танылды.

«Күрделі жөндеуге қаражат бөлінді, бірақ мен жобадан бас тарттым. Мердігерлер ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуді ұсынды. Менің ойымша, бұл театрға пайда әкелмейді. Мен Мемлекет басшысына сыртқы қасбетін күрделі жөндеуден басқа, қосалқы ғимарат салуға конкурс жариялауды ұсындым. Театрға жаңа сахна керек. Тұжырымдама мен дизайнға байланысты байқау осы жылдың мамыр айына дейін аяқталады деп ойлаймыз»,- деді қала әкімі.

Айтуынша, содан кейін жоба әзірленеді.

«Театрдың шығармашылық ұжымын 80 жылдыққа дейін күрделі жөндеуді аяқтауды жоспарлап отырмыз деп сендіргім келеді»,- дейді Ерболат Досаев.


Фото: time.kz

Соңғы жаңалықтар