Алматыдағы өрттің барлық нұсқалары қаралып жатыр – ТЖД басшысы

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы қалалық ТЖД басшысы Серік Әубәкіров қалада жақында болған екі өртке қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Департамент басшысының айтуынша, қалада екі өрт кеше сөндірілген. Көктөбеде шыққан өрт сөндірілген соң 22 минут өткенде екінші өрт туралы хабарлама түскен.

Екінші қоңырауға шыққанда өрт сөндірушілер ер адамның мүрдесін тапты.

«Екінші өрттің алғашқы минуттарында өртенген жердің төменгі жағында ер адамның мүрдесі табылды. Қазір полиция оның кім екендігін анықтап жатыр. Өрттің себебін нақты айта алмаймын. Біреу өртеді ме әлде жоқ па? Оны полиция анықтап жатыр», - деді Серік Әубәкіров.

Департамент басшысының айтуынша, тілсіз жау жекеменшік секторды шарпудың аз-ақ алдында болған.

Айта кету керек, кеше Көктөбе бөктерінде құрғақ ши өртенген болатын. Оны сөндіруге бірнеше тікұшақ жұмылдырылды.

Оқиға болған жерге көп ұзатпай Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев келді.

Кейін арада бірнеше минут өткен соң сол аймаққа жақын жерде тағы бір өрт тұтанды. Бұл жолы тілсіз жау Диваев көшесіне жақын болды.

Қызыл жалын 1 000 шаршы метр аумақты жарамсыз еткен. Сол жерден өрт сөндірушілер өлген адамның денесін тауып алды.



Соңғы жаңалықтар