Алматыдағы өртті сөндіруге ТЖД-ның жеке құрамы түгел жұмылдырылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Серік Әубәкіров Көктөбенің төменгі тұсында тұтанған екінші өртті ауыздықтау неліктен қиын болып отырғанын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Алматы қаласы гарнизонының барлық жеке құрамы өрттің ең жоғары үшінші дәрежесі бойынша көтерілді. Басымдық тұрғын үй секторын қорғауға бағытталған. Жалын тарап жатыр, оның аумағы ұлғаюда. Түнгі уақыттағы жұмыс қауіпсіздік техникасын сақтаумен қиындай түсуде. Себебі қурайдың биіктігі кейде адамның бойын жауып тұрады. Қазіргі уақытта өрттің таралуы тоқтатылды. Жеке ошақтарды сөндіру жүргізіліп жатыр», - деп жазды ол Facebook-та.

Еске салайық, жексенбі күні Көктөбенің бөктерінде құрғақ шөп өртенген болатын. Төтенше жағдайды жоюға екі тікұшақ жұмылдырылды. Сондай-ақ ТЖД-ның 42 адамы мен 9 техникасы, «Алматы Тазалық» МКК-ның – екі және Алматы қалалық Құтқару қызметінің бір суару техникасы жұмыс істеді. ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Нұрсұлтан Нұрахметов жалын сағат 19.58-де толығымен өшірілгенін мәлім етті. Ал Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Серік Әубәкіров өрттің жеке секторға ауысуының алды алынғанын, департаменттің жеке құрамы кезекшілік атқару үшін оқиға орнында қалатынын айтты.

Сәл кейінірек, С.Әубәкіров өрт болған бірінші аумақтан төменгі тұста тағы бір ошақ тұтанғанын жазды. Құтқарушылар тілсіз жаумен күрес барысында бір адамның денесін тапты. Оның жынысы мен тұлғасы анықталуда.

Соңғы жаңалықтар