Алматыдағы өртке 7 жастағы бала кінəлі болуы мүмкін

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда өртенген №31 үйдің тұрғындары өрттің қалай шыққаны туралы айтып берді, деп хабарлайды Қазақпарат тілшісі.

Алдын-ала мәліметтерге қарағанда, өрт №28 пәтерден шыққан. №27 пәтер тұрғыны Ләйлә Төкенованың айтуынша, әкесі көрші балалардың жаңа жылдық пиротехникалық заттарды жиі ататынын естіген. Сол күні бірнеше тарсылдан соң көршілерінің өртті сөндірмек болып жатқанын байқаған.

«Әкем балконда ойнап жатқан балаларды көрген. Бірнеше минуттан соң  балконда өрт тұтанған. Анасы дүкенге жүгіріп өрт сөндіру баллонын сұрап келген, бірақ оған дүкен қожайыны бермепті», - деді әйел.

Ләйлә Төкенова көршісі балалардың тентектігі туралы айтты.

«Олар анасын тыңдамайды. Былтыр балкон астындағы шөпті өртеп әрең сөндіріп алғанбыз», - деді ол.

Үйдің жоғарғы қабатында тұратын көршілер де 7 жастағы баланы өртке кінәлап отыр.

«Мен жоғары тұрамын. Тарс еткен дыбыстан соң жүгіріп шықтым. Бір демде үйдің ішін түтін алып кетті. Қарасам көршінің балконы өртеніп жатыр. Қызымды ала сала кіреберіске жүгіріп шықтым. Сырттан №27 пәтердің иесін көрдім.  Үйің өртеніп жатыр десем, білем мынау менің ақымағым», деп жауап берді» - деді Нина Косованова.

Айта кету керек,  бүгін өрт шарпымаған  үй иелері  баспаналарына кірді. 


Өртенген пәтерлер мемлекеттік бюджет есебінен қалпына келтірілетін болады. 

Жетісу аудандық әкімінің айтуынша, ипотекалық несие төлеп отырған тұрғындарға жөндеу жұмыстары сақтандыру төлемі есебінде қайтарылатын болады.

«Қазір осы мақсатта арнайы комиссия құрылды. Өрт-техникалық сараптама жасалып жатыр. Пәтері өртенбеген тұрғындар үйлеріне кірді. Ең алдымен үйдің шатырын жабумен айналысатын боламыз. Себебі, жауын жауса жағдай қиындай түсері сөзсіз. Аталған іс бойынша ақау актісі жасалады. Өрттен жапа шеккен отбасыларға заңнамаға сәйкес анықтама беріп, әлеуметтік қорғау органдарына тіркейтін боламыз. Заң бойынша бізде 50-100 АЕК көлемінде, 270-280 мың теңге көлемінде қаражат қарастырылған. Тек қала тарапынан ғана емес, бизнес өкілдерінен де көмек қарастырылған. Ең алдымен толық жанып кеткен 10 пәтер қайта қалпына келтіріледі. Бір де бір тұрғын көмексіз қалмайды», - деді аудан әкімінің орынбасары  Санжар Тоғаев. 

Үйді қалпына келтіруге 2 айдай уақыт кетеді. 4 отбасы қонақ үйлерге уақытша орналастырылды. Басқалары өз туысқандарының үйлеріне жайғасты.

ТЖД  өкілдерінің хабарлауынша, өрттің шығу себептері әлі анықталып жатыр.

Еске салсақ,  6 қабатты үйде тұтанған өрт 1180 шаршы метр аумақты шарпып, бірнеше пәтерді, балкондарды, үйдің шатырындағы мансард қабатын түгел жарамсыз етті.

Оқиға бойынша арнайы штаб құрылды. 300 адам, оның ішінде 52 бала  қауіпсіз жерге шығарылды. Сондай-ақ, Алматы әкімі Бауыржан Байбек үйі өртенген алматылықтардың пәтерін тез арада қалпына келтіруді тапсырды.

Соңғы жаңалықтар