Алматыдағы Орталық клиникалық аурухананың бір күні

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыдағы ҚР Президенті Іс басқармасының орталық клиникалық ауруханасы көне дәстүрлер мен замануаи технологияларды сәтті ұштастыра білген мекеме ретінде танылып отыр. ҚазАқпарат тілшісі мекеме мамандарының заманауи емдеу-диагностикалық технологияларды өз ісінде қалай пайдаланып жүргенін көріп қайтты.


Аурухананың тарихы 1929 жылдан басталады. Қазақ КСР-нің астанасы Қызылордадан Алматыға ауысқан кезде астаналық медициналық мекеме құру туралы қаулы қабылданады. Мекеменің стационарлық ғимараты 1933 жылы бой көтерді. Осылайша халық комиссарлар кеңесінің амбулаториясымен біріктірілген клиника пайда болды.

55 төсекке шақталған қосқабатты аурухананың құрамына емхана, ота және гинекология бөлімдері кіретін. Ауруханаға сол кезде танымал саналатын мамандар кеңес беріп отырған. Мұнда негізінен ғалымдар, еңбегі сіңген өнерпаздар, шығармашылық элита, жоғары лауазымдағы партия қайраткерлері емделетін. Ол кезде аурухана жабық типтегі мекеме саналатын.

Кейін мекеме шипажай типіне ауысып, «таңдаулы» топтың өкілдері емделіп қана қоймай, тынығып қайтатын болған. Елдегі ең жоғары лауазымдағы адамдар осында емделіп, тынықты. Ал қазір мұнда кез келген адам емделе алады.

Біздің тілшілер әуелі интервенциялық кардиология және эндоваскулярлық хирургия бөлімшесін аралады. Бұл бөлімшеде жүрек-қантамыр жүйесінде кінараты бар адамдар жоспар бойынша көмек алады.

«Бұл бөлімшеде жұмыс істеп келе жатқаныма 10 жыл болды. Меңгерушіні қосқанда бөлімшеде 5 дәрігер бар. Біз жүрек-қантамыр жүйесінің патологиялық сырқаттарымен күресеміз. Диагностика мен емдеудің рентген-хирургиялық әдістерін жүргіземіз. Бұл – медицинадағы жаңа бағыт. Яғни, біз жаңа әдіс бойынша отаны адам денесінен ешқандай тілік немесе ойық жасамай жүргіземіз. Жалпы, біз диагностика мен емдеудің ең заманауи әдістерін ұсынып отырмыз. Жылына мыңға жуық ота жасаймыз. Бірақ бұл абсолютті көрсеткіш деуге келмейді. Бізден де көп ота жасайтын жоғары мамандандырылған клиникалар бар», – дейді кардиолог дәрігер Ержан Майдыров.

Оның сөзіне қарағанда, емдеудің технологиясы жетілген сайын, жүрек дертіне шалдығушылар да «жасарып» келеді. Сондай аурудың бірі – миокард инфаркты. Бұл ауру адам өміріне тікелей қауіп төндіреді.

«Сондықтан әр адам салауатты өмір салтын ұстануы керек. Сондай-ақ, дұрыс тамақтану маңызды. Жүйкеге салмақ түсірмей, ұдайы спирттік ішімдік тұтыну, шылым шегу сияқты зиянды әдеттерден аулақ болу қажет. Өйткені бұл әдеттердің бәрі жүрек-қантамыр жүйесінің тозуын тездетеді. Инфаркт деген – жүрек ақауының ақырғы сатысы. Сондықтан алдын алу өте маңызды. Күтінбесе, инфакртке тікелей жол ашылады», - дейді маман.

Келесі бас сұққан ұжым ішкі органдар бөлімшесі болды. Мұнда емдеу мен диагностикалау жапониялық, кореялық және америкалық өндірушілер ұсынған premium санаттағы жетекші қондырғылармен іске асырылады екен. Екі бөлмелі палаталарда науқас жалғыз жатып емделеді. Ондағы науқасқа жасалатын жағдай жұлдызды қонақүй деңгейінде ұйымдастырылған. Жеке санитарлық торап, себезгі бөлмесі, жайлы төсек пен басқа да игіліктер жасалған.

Мұнда емделушілерге стандартты диетаға негізделген тамақ мәзірі ұсынылады. Бірақ жағдайы ақуыз бен қуат жетпейтін ауыр науқастарға жеке диета тағайындалған. Яғни, тамақтандырудың өзінде әр науқастың жай-күйі ескеріледі.

«Біздің бөлімшеде кардиологиялық, пульмонологиялық, гастроэнтерологиялық, нефрологиялық аурулар сияқты ішкі органдарында ақау бар науқастар тексеріліп, емделеді. Жалпы, мұнда кез келген патологиядағы науқастар, соның ішінде ота жасатқан науқастар ем алады. Біз оларға отадан кейінгі күтім ұйымдастырып, оңалту жүргіземіз. Көбінесе жүректің ишемиялық ауруы, артериялық гипертензия, қант диабеті сияқты сырқаты бар науқастар келеді» – дейді бөлімше меңгерушісі Людмила Редько.

Дәрігердің айтуына қарағанда, бүгінде Қазақстанда медицина жақсы дамып келеді. Мұндағы докторлардың біліктілігіне қазақстандықтар ғана емес, шетелдіктер де сеніммен қарайтын болған көрінеді. Алматыдағы орталық клиникалық аурухананың бөлімишелерінен шетелдіктерді жиі кездестіруге болады. Людмила Редько мұның бір себебі мекемедегі білікті мамандардың жоғары технологияларды қолдана білетінінде деп есептейді. Өйткені мұндағы мамандар ұдайы әлемнің үздік клиникаларында тағылымдамадан өтіп, білім-білігін шыңдап отырады.

Келген науқастардың тез сауығып, аурудан айығып кетуіне физиотерапия бөлімі де барынша атсалысып жүр. Мұнда физиотерапия қызметі бірегей еуропалық жабдықтар арқылы көрсетіледі. Атап айтсақ, Израильдың «Ortospek», Испанияның «HC-2000», Швейцарияның «Duolit SD», Германияның «Vacumed» жабдықтары қолданылады

Аурухана базасында жүрек ырғағының бұзылуы, Паркинсон, нефрология, нейрохирургия орталықтары, сәулемен диагностикалау, емдік денешынықтыру, зертханалық диагностика, эндоскопия, функционалдық диагностика, гемокоррекция, онкологиялық хирургия, гинекология, травматология және ортопедия, стоматология, анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімшелері бар.

Қазір мұнда стоматология бөлімінің аумағы кеңейген. Ал тіс емдетуден қорқатын науқастарға арнайы «дабыл түймесі» беріледі.

«Тіс дәрігерінен науқастардың тең жартысы қорқады деуге болады. Әйелдер арасында да, ерлер арасында да бар мұндай қорқыныш. Дегенмен, ер адамдар көбірек қорқады. Тіс дәрігерінің алдындағы орынтаққа отыратын кезде қолына дабыл түймесін береміз. Науқас өзін жайсыз сезінген жағдайда дабыл түймесін басады. Бұл кезде бүкіл емдеу тоқтатылады. Дегенмен әзірге дабыл түймесін ешкім басып көрген жоқ. Өйткені адам тіс дәрігерінің алдына мазасы кеткендіктен келеді. Ал оны дәрігердің көмегінсіз жеңу мүмкін емес екенін науқастар да түсінеді. Бірақ мен науқастарға ауру меңдегенше жүре бермеуге кеңес берер едім. Тіс ауруының да алдын алу қажет. Ол үшін дұрыс тамақтанып, ауыз гигиенасын сақтау керек», - дейді бөлімше меңгерушісі Елена Нагина.

Мұндағы тіс емдеу бөлімінде амбулаториялық емнің бүкіл түрі көрсетіледі. Тіпті тісі түгелге жуық түсіп қалған адамның тістерін қалпына келтіруге болады. Оның бәрін 4-5 импланттың көмегімен-ақ іске асыруға болады. Бір қызығы, бөлімшедегі кабинеттердің төбесі аспан реңімен боялған. Өздері мұны шалқалап жатқан науқастың көңіл күйіне жағымды әсер етуге қолайлы деп есептейді. Бөлімше меңгерушісі Елена Нагинаның қарамағындағы ұжымды басқарып келе жатқанына 13 жыл болыпты. Содан бері ұжым ыдырамаған.

«Біздің бөлімше жұмысының басты ерекшелігі – әр науқасқа жеке емдеу тәсілін қодданамыз. Науқас алдыма кірген бойда оған қай дәрігердің көмектесе алатынын біліп отырамын. Дәрігердің психологиялық тәжірибесіне көп дүние байланысты. Бірақ доктордың кәсибілігі одан да маңызды. Бізде бұл жағынан мәселе жоқ», - дейді ол.

«Орталық клиникалық аурухана» АҚ елдегі үздік орталықтардың бірі болып есептеледі. Медициналық қызмет көрсету жүйесі халықаралық стандарттарға толық сәйкес келеді. Орталық қызметкерлері мемлекеттік сыйлықтарға ие болған.

Мекеме 2021 жылы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ережелері мен талаптары бойынша төрт жылдық ұлттық аккредитацияға ие болды. Аккредиттеу кезінде елдегі ең жоғары балдардың бірін алғанын да айта кету керек. Сол жылы мекеме Joint Commission International-дың (АҚШ-та құрылған, Медициналық көмек пен емделуші қауіпсіздігін жақсартатын біріккен халықаралық комиссия) кезекті аккредиттеуінен де сәтті өтті.


Соңғы жаңалықтар