Алматыдағы маска шығаратын кәсіпорынның қуатын арттырамыз - Еркебұлан Оразалин

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда өткен баспасөз брифингі барысында қалалық Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин маскалар мен зарарсыздандыру құралдарының өндірісі туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алматы облысында өндірістік кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Зауыт айына 3 млн маска өндіре алады. Бұл өнімнің маңыздылығы артуына байланысты өндіріс қазір СК «Фармация» арқылы келісімшартпен жүзеге асырлып жатыр. Өндірістің кейбір бөлігі Алматыға жіберіледі. Қалғаны ел өңірлеріне келісімшарт бойынша беріледі. Зауыт күніне 100 мың маска шығарса, оның 60 мыңы Алматыға жіберілсе, қалғаны өңірлерге таратылады. Бірақ, бізде тапшылық туып отыр. Оны жасырмаймыз», - деді Еркебұлан Оразалин.

Осыған байланысты аталған кәсіпорынның өндірістік қуатын арттыру көзделіп отыр.

«Дүйсенбіге дейін жаңа қондырғы жеткізіліп, өндіріс қуатын айына 8 млн маскаға көтеру көзделіп отыр. СК «Фармация» басшыларымен сөйлестік. Маска айналасындағы алыпсатарлықты болдырмау үшін кәсіпорынға айналым қаражатын құйып беретін боламыз. Олар сол қаражатқа шикізат алады. Бұл өз кезегінде бізге қаладағы ірі дәріханалармен тікелей жұмыс істеуге мүмкіндік береді», - деді Еркебұлан Оразалин.

Ол сонымен қатар антисептик пен санитайзерлер туралы да айтты.

«Бұл өнімдерді өндіретін кәсіпорынды да айналым қаражатын бөліп қолдайтын боламыз. Жақын арада қосымша өндірісті іске қосамыз. Келер аптада бөлшек сауда нарығында тауар тапшылығын шешіп, халық арасындағы аласапыранды тоқтатамыз деп ойлаймыз. Сонымен қатар, маска және басқа да құралдарды сатып алуда шектеу қоюды ойластырып жатырмыз. Өйткені, кейбір тұлғалар бума-бума сатып алып, ары қарай сатып, пайда көруді ойлайды», - деді басқарма басшысы.

Мұның алдында қала әкімінің орынбасары, арнайы штаб басшысы Ержан Бабақұмаров қалада маска өндірісін кеңейтуді қолға алғанын айтқан болатын.

Алматыда коронавирус әлі ешкімде зертханалық деңгейде расталған жоқ.


Соңғы жаңалықтар