Алматыдағы МӘМС жүйесіне 400 млрд теңгеге жуық кіріс түсті
2022 жылғы 29 маусым 14:45

Алматыдағы МӘМС жүйесіне 400 млрд теңгеге жуық кіріс түсті

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыдағы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне жыл басынан бері 398 млрд теңгеден астам қаржы түсті.

Бұл туралы Алматы қаласы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының директоры Тілеухан Әбілдаев өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Спикердің айтуынша, биылғы жылдың 5 айында МӘМС жүйесіне түсімдер 398,4 млрд теңгені құрады.

«Түсімдердің негізгі үлесін 15 жеңілдік санаты үшін мемлекеттің жарналары құрайды – 42%-дан астам, жұмыс берушілердің аударымдары – 34,7%-дан астам, экономикалық белсенді халықтың жарналары – 22,6%», - деді Тілеухан Әбілдаев.

Спикер МӘМС-тің енгізілуімен тұрғындар үшін консультациялық-диагностикалық көмектің қолжетімділігі артқанын атап өтті.

Ол сондай-ақ медицина ұйымдары тарапынан құқық бұзылған жағдайда кез келген қала тұрғыны пайдалана алатын кері байланыс арналарын атады.

«Атап айтқанда, Qoldau24/7 мобильді қосымшасы, 1406 бірыңғай байланыс орталығы және ресми сайт fms.kz. барлық өтініштер міндетті түрде қарастырылады», - деді ол.

Алматы қаласы МӘМС қоры директорының мәліметінше, қор 2017 жылдан бастап міндетті медициналық сақтандыруға қаражат жинап келеді.

2018 жылдан бастап тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шеңберінде, сондай-ақ, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап – МӘМС жүйесі аясында медициналық көмекті стратегиялық сатып алушы болып табылады.

Айта кетейік, бүгінгі күні МӘМС-ке өңірлер бойынша ең көп кірістер Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары мен Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарына тиесілі.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT