Алматыдағы LRT құрылысына 25 инвестор қызығушылық танытты

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыдағы жеңіл рельсті көлік жобасын бастауға 25 инвестор қызығушылық білдіріп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Алматы әкімі Бауыржан Байбек қаланың активімен кездесу барысында баяндады.

«Біз Белгияда үлкен кездесу өткіздік. Алматыдағы LRT құрылысына қатысуға 25 инвестор қызығушылық білдірді. Жақында екі кезеңнен тұратын конкурс басталады. Нәтижесінде көк базардан «Алматы аренаға» дейінгі аралықта 22,72 шақырым қашықтықта жүрдек көліктер шығатын болады. Бұл Алматының келбетін түпкілікті өзгертеді»,- деді Бауыржан Байбек.

Қала әкімінің айтуынша, экологиялық тұрғыдан таза көлікке басымдық беру Алматының 2020 жылға дейінгі даму бағдарламасында көрсетілген.

«Бүгін қалада жолаушылар тасымалының 1/5 бөлігі электр энергиясымен жүзеге асады. Газбен жүретін көліктерді қосқанда жалпы экологиялық көліктердің 60 %-ы экологиялық көлікке жатады. Жолаушыларға ыңғайлы болу үшін БРТ автобустары, жүрдек автобустар шығатын болады. Жылдың соңына дейін 8,7 шақырымдық алғашқы кезең, 22,4 шақырымдық толық дәліз 2021 жылы пайдалануға беріледі», - деді Б.Байбек.

Үлкен Алматы айналма жолының құрылысы жер аяғы кеңіген соң басталмақ.
«Үлкен Алматы айналма жолы ашылса, күніне Алматы жолдары 40-60 мың көлікке жеңілдейтін болады. Субмердігер ретінде алматылық компаниялар болғанын қалаймыз. Олар қалаға салық төлейді. Алматыда Президент осындай үлкен жобалардың болғанын қолдайды. Қалаға ауқымды инвестиция құйылып жатыр. Аз уақытта қаланың қалай түрленгенінің куәсі боласыздар», - деді Бауыржан Байбек.

Қала әкімі жазда Фалькон-Евробас неміс компаниясымен біріккен электробус құрау зауыты ашылатынын айтты.

Қазірдің өзінде заманауи жабдықталған көлікке Тбилиси мен Сингапурдан қызығушылар табылып отыр.

Бұған дейін Бауыржан Байбек LRT жобасын жүзеге асыруға 125-130 млрд теңге жұмсалатынын айтқан болатын.

Соңғы жаңалықтар