Алматыдағы көлік және экологиялық проблемаларды шешу үшін қоғамдық көліктің маңызын арттыру керек - Көлік және коммуникация ҒЗИ басшысы

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыдағы көліктік және экологиялық проблемаларды шешу үшін қоғамдық көліктің маңызын арттыру керек. Бұл туралы пікірін Көлік және коммуникация ғылыми-зерттеу институтының басшысы Мұрат Бекмағамбетов білдірді.

«Алматы - халық көп шоғырланған ірі қалалардың бірі. Қаланың 1000 тұрғынына шаққанда 360 көліктен келеді. Қалада көше-жол желісі 10% ды құрайды. Әлемдегі дамыған елдерде бұл көрсеткіш 35, 25 пайызды құрайды. Бұл кеңестік дәуірден қалған қала құрылысы саясатының жемісі. Ол кезде Алматы қоғамдық көлікке лайықталып, ал автомобилизация деңгейі 1000 адамға 70 көлікке есептелген. Ол көрсеткішке Алматы 90 жылдарда-ақ жетіп алған», - деді Бекмағамбетов.

Оның ойынша, қоғамдық көліктердегі қызмет көрсетудің төмен деңгейі мен жеке көлікке халықтың қолжетімділігі халық қозғалысының автомобиль арқылы жүзеге асуының 43%-ке жетуіне әсер етті. Жаяу жүргіншілер мен автобуспен жүру үлесі 28% құрады. Халықтың 1 пайызы ғана велосипедпен жүргенді қалайды екен.

«Қала инфрақұрылымы көліктің мұндай ағынына лайықталмаған. Экономиканың көліктік шығындары артып келеді. Алматының ауасын негізінде ластап отырған да өнеркәсіп орындары емес, автокөліктерден шыққан газдар. Мұны EMEP-CORINAIR жүйесі де растап отыр»,- деді ол.

Бұл күрделі проблеманы шешу үшін ең алдымен қоғамдық көліктерді дамытуға басымдық беру керек, деп санайды маман.

«Қалалық инфрақұрылым нысандарын салу мен қайта жаңғырту, заңсыз жолаушы тасымалдайтын таксилердің арнайы адам түсіретін орындарын салу, олардың қозгалысын ГЛОНАСС/GPS навигация құралдары арқылы бақылау орнату керек.

Сонымен қатар, метро, LRT, BRT көлік желілері қала тұрғындарының қоғамдық көлікке ауысуына мүмкіндік бермек. Көлік және коммуникация ғылыми-зерттеу институты Алматы әкімдігінің тапсырысымен батыс автобекеті құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесін жасады. Бұған дейін жұмыс жасап келген Сайран, Саяхат автовокзалдары көп жылдан бері қаланың ортасында қалып, сырттан келетін жолаушылар ағынын қалаға қарай тартуда. Жаңа бекеттің салынуы жолаушылар ағынын қаланың сыртына шыгаруға мүмкіндік береді»,- деді М.Бекмағамбетов.

Соңғы жаңалықтар