Алматыдағы көлік апаты: Дәрігерлер кішкентай қыздың аяғын сақтап қалды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыдағы №4 қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері Сағи Бейсенбеков жүк көлігі қағып кеткен әйел мен баланың жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

№4 қалалық клиникалық аурухананың баспасөз қызметінің мәліметіше, 15 наурыз күні аурухананың қабылдау бөліміне жол-көлік апаты салдарынан жарақат алған баланы алып келе жатқандығы туралы хабарлама келіп түскен.

«Кішкентай науқасты қабылдау үшін барлық шаралар қабылданды, дәрігерлердің көпсалалы тобы шақырылды, балалар реаниматологы және травматологта келді. 2010 жылы туған қыз бала ауыр халде жеткізілді. Шұғыл түрде реанимация жағдайында шокқа қарсы терапия жасалып, консилиум өтті. Жағдай тұрақтанғаннан кейін балаға жедел түрде операция жасалды», - дейді №4 қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері Сағи Бейсенбеков.

Ауруханадағылар мәлім еткендей, жарақаты ауыр науқастың оң аяғын кесу туралы сұрақ туындады.

«Операция бөлмесінде ангиохирургпен бірге аяқты сақтап қалу туралы шешім қабылданды. Біз аяқты қалпына келтіру үшін барлық қажетті шараларды қабылдадық. Арнайы құрал қолданылды, аяқтың ұзындығы сақталды», - деп қосты Сағи Бейсенбеков.

Операция 4 сағатқа созылды. Бұдан бөлек балада бірнеше жарақат болды. Полижарақат, мидың шайқалуы, жабық кеуде және іштің ашық жарақаты. Екінші дәрежелі геморрагиялық шок. Үшінші дәрежелі травматикалық шок. Оның өмірі үшін №4 қалалық клиникалық аурухананың бес дәрігерінен құралған операциялық топ күресті.

Үшінші күні кішкентай қыз балалар жедел жәрдем орталығына ауыстырылды.

Ал, 1963 жылы туған науқасқа жұмсақ тіндердің жарақаты, гематома,бірінші дәрежелі травматикалық шок диагнозы қойылды. Алғашқы қажетті көмек көрсетілді. Жағдай тұрақты ауыр деп бағалануда.

Бұған дейін, Алматыда жүк көлігі әйел мен баланы қағып кеткені туралы хабарлаған болатынбыз. Аталған жол-көлік апаты ҚРҚК 345-бабы, 2-бөлімі бойынша тергеп жатыр.


Соңғы жаңалықтар